Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Оның ішінде ерлердің саны – 1 476, ал әйелдер – 142.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің статистикалық деректері бойынша, іздеуде жүргендердің көбі 31 жастан 40 жасқа дейінгілер. Қала бойынша Астанада – 361, Алматы – 191, Ақтөбе – 143, Қостанай – 140, Жамбыл – 140, Павлодар – 108, Алматы облысы – 102, Маңғыстау облысында 59 адамға іздеу салынған.
2023 жылғы тоғыз айда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген (қылмыстық кодекстің 139-бабы). Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Осы кезеңде қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 207 адам сотталды. Төрт адам бас бостандығынан айырылды, екі адам шартты түрде сотталды, 196 адамның бас бостандығы шектелді, бесеуі қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Жалпы алимент бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіріп алу туралы 309 670 атқарушылық іс орындауда болды. Бұл ретте балаларға ғана емес, ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға алимент өндіріп алынады:
- 291 886 атқарушылық іс — балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша;
- 773 атқарушылық іс — еңбекке қабілетсіз ата-аналарын күтіп-бағуға;
- 4 506 атқарушылық іс — еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағу өндірістері болды.