Астанада демалыс күндері екі облыстың жәрмеңкесі өтеді

Астанада 14-15 қазанда кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Оған Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары қатысады.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

14 және 15 қазанда сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Тәуелсіздік даңғылы, 50 мекенжайында орналасқан Өнер университеті ғимаратының алаңында ШҚО және СҚО ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарының қатысуымен жәрмеңке өтеді.

Шығыс Қазақстан облысының атынан тоғыз аудан, Солтүстік Қазақстан облысынан 13 аудан мен Петропавл қаласы қатысады.

ШҚО шаруалары мен қайта өңдеу кәсіпорындары Астана тұрғындарына жоғары және табиғи сапалы таза өнімдерін ұсынады. Өнім ассортименті 40-тан астам атаудан тұрады. Оның ішінде: 49,2 тонна бал, екі тонна шұжық өнімдері, сегіз тонна сүт өнімдері, 16 тонна өсімдік майы, үш тонна ұн мен жарма, тоғыз тонна балық, 29,8 тонна ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының еті, төрт тонна қымыз және ұлттық бұйымдар, 700 литр алкогольсіз сусындар және басқалар.

ШҚО тауар өндірушілері Астанаға 244,5 миллион теңге сомасына 123,2 тонна өнім тасымалдайды.

СҚО аграршылары елорда қонақтары мен тұрғындарына мынадай өнімдер ұсынады: 100 тонна ет, 495 тонна картоп пен көкөніс, 33 тонна сүт өнімдері, 120 мың дана жұмыртқа, бес тонна балық, 10,5 тонна бал, жеті тонна шұжық өнімдері, 75 тонна ұн мен макарон өнімдері, 12 тонна басқа да өнімдер.

Өнімнің жалпы көлемі 733 тоннадан асады.

Жәрмеңкедегі бағалар әдеттегіден арзан болады.