Израильде зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспеген

Қазақстан Израильге репатриациялық рейс ұйымдастыру мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Израильдегі барлық азаматтарымыз сабыр сақтап, дипломаттарға қажет ақпаратты ұсынуға барынша жәрдемдесіп жатыр және жергілікті билік органдарының бүкіл талабы мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап келеді. Бүгінгі таңда бізге Израильде қаза болған, зардап шеккен және кепілге алынған қазақстандықтар туралы ақпарат келіп түскен жоқ. Кейбір авиарейстердің тоқтатылуына және бірқатар авиатасымалдаушылардың Израильге рейс орындаудан бас тартуына байланысты Қазақстан елшілігі «Эйр Астана» әуекомпаниясымен бірлесіп, Қазақстанға оралуға ниет білдірген азаматтардың тізімін жасау, сонымен қатар оларды одан әрі қауіпсіз жерге шығаруды ұйымдастыру бойынша пысықтау жұмысын жүргізіп жатыр, — деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифиңде.

Оның айтуынша, осы уақытқа дейін Қазақстанға оралуға 118 азаматымыз ниет білдірді.

Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы Халықаралық әуежай өз жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатқанын хабарлаймыз. Бұл ретте, осы бір-екі күн ішінде үкімет деңгейінде Тель-Авивке жіберілетін арнайы репатриациялық рейсті ұйымдастыру мәселесі пысықталып жатыр, — деді ресми өкіл.