Шымкентте мектеп оқушысын қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды

Шымкентте мектеп оқушысын қағып кеткен жүргізуші қамауға алынды. Кәмелетке толмаған бала оқиға орнында қаза болды. 

Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 

Қайғылы оқиға 7 қазан кешкі 18.45 шамасында Арғынбеков көшесінде болды. BMW-530 көлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жол апаты салдарынан тоғыз жасар ұл оқиға орнында қаза болды.

Бұл факті қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан, көлiк басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша тіркелді. Айта кетері, бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қажет сараптамалар жасалады. Алдағы уақытта іс сотқа жолданады.

Полицейлер қайғылы оқиғаны болдырмау үшін азаматтардан жол ережелерін қатаң сақтауды сұрады.