Біз басымызға түскен таршылықты бұрынғы бабаларымыздан көретін едік. Солар біздің қамымызды жеген болса, біз мұндай қорлықта, тарлықта жүрмес едік деуші едік. Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла құзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?

Адам ғылым мен өнер үшін жаратылған емес, ғылым мен өнер адам үшін шыққан, адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер.

Абай қазақтан өзге оразды жұрттардың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді. Опатына он, жиырма бес, елу, жүз жыл толған сайын бүтін жұрт ескеріп, матбұғаты қайнап, есімін мәңгіге шейін қалдыруға өшпес белгілер орнатып, құрметіне неше түрлі ізгі жайлар ашар еді.

Ұл-қыз демей баланы оқыт, қазақ.

Халқымыздың ұйқыдан азырақ бас көтеруі, жас әдебиетіміздің өсуі, белгілі кісілеріміздің тірлігінде һәм өлген соңында мәңгі ұмытылмастай болуы — біздің бірінші ескеретін борышымыз.

Тіршілік – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді.

Құдай не жазса, соны көреміз деу – соқырлықтың белгісі. Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі.

Біз бір пайдалы нәрсені сөз қыла қалсақ, жерден жеті қоян тапқандай қуанамыз, «керек, керек»» деп шу ете түсеміз, не керек екенін білгенімізге мәз боламыз, бірақ соңынан орындауға келгенде «керектердің» бәрін ұмытып, бетімізбен кетеміз. Тағы бірде әлгі «керек» те тағы есімізге түсіп, тағы «аттан» саламыз, тағы дүниені жаңғырықтырамыз, тағы ұмытамыз… өміріміздің көбі осымен өтіп келеді.

Адамға ойларға ақыл берілді, бір-бірімен сөйлесуге тіл берілді, олай болған соң адамзатқа тіршілік бекерге, босқа ғұмырды зая қылып өткізуге берген болмайды.

Қай үкімет болсын, халықты есіркеп, «Мә, жұртым, мейлінше кенел, игілігіңе жұмса» деп қалтасынан суырып беретін қазынасы жоқ. Бәрінің де қазына деп жүргені әкесінің малы емес, халық пайдасына жұмсалу үшін, халықтың өзінен жиналған қазына.

Қандай адам жақсы кісі болмақ керек? Сондай адам жақсы, кімде-кім жетім-жесір, кәріп-қасаң, қысылған-қымтырылғандарға жақсылық қылып, оларды қуантып қойса.

Біз мұсылман екенбіз. Құдайдан тілейді екенбіз. Дұрыс-ақ. Бірақ бізден басқа мұсылмандар құр тілекпен отыр ма? Жер жүзінде 300 миллионнан астам мұсылман бар. Олардың ішіндегі зор мемлекет – Түркия. … Біз не қылып отырмыз? Біз жан-жақты Жасағанға күзеттіріп қойып отырмыз.

Шын қалам қайраткерлері кеңсе қызметінен босап, бірыңғай кітап жазу жұмысына кірісу керек. Бұған ешкім бөгет салмау керек. Қайта тамағын тоқ, орнын жайлы қылып, баптау керек. Мысал үшін қалам қайраткерлерін бәйге атына ұқсатсақ, оларды еріктіріп, мәпелеп ұстап, жазу бәйгесіне қосу керек.

Қайдан өрбігенін, қайдан өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа, бұл талас-тартыс, тар заманда арнаулы орын жоқ.

Ел билеген жақсылардың ойлағаны ел қамы болмаса, әрқайсысы өзінің пайдасын ойлап, мұқатқаны ағайын-жұрты болса, билерде әділет болмаса, енді жақсылықты жұрт қайдан күтпек керек?!

Һәркімнің ізіне түсіп қуған, үйренген бір ісі болады. Сол ісін ол басқалардан артығырақ біледі. Егер оқу, оқытуды машықтап, ол оқытудың һәм оқытқан нәрселерінің асыл тәртібін, түп негізін анық білетін кісілер жазу хақында өз пікірлерін түсінікті етіп жазса, сынаушы деп соларды айтуға жарайды.

Қыз байғұс қолға түске сандуғаштай,
Торында өмірі өтер кілтін ашпай.
Сатады мал көп берген кісі болса,
Кетеді жылап сорлы қарсыласпай.

Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес. Депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болатын болса, жұрттың алдына Алла бергендер түсетін еді.

Қазақ тілін іске асыратын болсақ, қазақ әдебиетін күшейтеміз десек, ең алдымен істің санын салмақтамай, сапасын ескеруіміз керек. Ол үшін қазақша деп жазылған сөздердің әлгі кемшілігін құрту керек. Оны құрту үшін әуелі кемшіліктің қандай екенін білу керек.

«Молданың өкшесі қисық деген кісі де күнәлі болады» деп жүрген адамдар да бар.

Бәлки, мұнан кейін Абайдан үздік артық ақындар, жазушылар шығар, бірақ ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз — Абай.

Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған.

Сот түзелмей, халық түзелмейді. Сот халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмесе, сот емес, ол – сор.

Саясат жөнінде жұрттың бәріне ұстаз – Еуропа халқы. Біз өрнекті Еуропа халқынан алуға тиістіміз. Бірақ аз уақыттың ішінде қанша сүйрегенмен жалпы жұрт Еуропа болып кете алмайды.

Жер жүзіндегі езілген жұрттардың бірі біздің қазақ-қырғыз екені рас болса, бұл жұртты теңгеру үшін көзін ашып, өнер-білім үйретіп, үгіт-насихат тарату қажет болса, қазақ-қырғыз тіліне тоқтаусыз жол ашып, бүгіннен бастап «тілмаш жоқ, мінекей, тақсыр, тілмаш жоқ» дегізіп, қазақ-қырғызды енді сандалтпау керек.

Өз елімнің болашағы үшін мен барлық мүмкіншілікті қолдауым қажет. Егер де мен қателессем, елмен бірге қателесем. Ерте ме, кеш пе ақиқат үстем болып шығады.

Үнемі біреуге масыл болып, жетімдік көрсек жеткізетін жетекшіміз бар деп телміре бермей, өз теңдігімізді, өз елдігімізді өзіміз қорғайтын, енді қайтып өзгеге құл болмайтын қам қылуымыз керек.

«Көш жүре түзеледі» деген мақалға сүйене берудің керегі жоқ, көштің түзелетін кезі болды.

Ар-намыс, махаббат болмаған жерде адамшылық тұра ма?! Бұл сипаттардың болуы үшін адам баласы азат, тәрбиелі болуға тиіс.

1913 жылдың бас кезінде Орынборға келдім. Сондағы жазушы ғалым, өзімнің ұстазым, әрі ағам Ахмет Байтұрсыновқа барып, сәлем бердім. Ұзақ кеңесіп, қазақ халқына арнап, газет шығармақ болдық. Бұл пікірімізді Әлихан Бөкейханов қолдады. «Іске сәт» деп жұмысқа кірістік. Өкімет орындарын жағалап жүріп, әрең дегенде рұқсат алдық. Түркістанда жиналған мол ақшаны, Уфадағы «Ғалия» медресесінің шәкірттері қосқандарын осы іске бағыштадық.

Салт-сананың негізі — елдің қолданған кәсібінде.

Бір жағы Бұхар, бір жағы Мекке, Медине, Стамбұлдардың да оқып қайтқандарымыз бар. Солардың бәрі елге ноғайшылап, арабшылап, сартшылап қайтып жүр. Бұлардың сөйлеген сөзінде, жазған хатында шет жұрттардың тілі аңқып тұр.

Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін  сезбеген, ертеңгісін қайғырмаған адам кімге басшылық қылады.

Құдайдың әмірімен қазірде Хожа Ахмет Йасауи хазретлері қабірінен тіріліп шықса, қазақ халқына дін үйретпес еді. «Өздерің де мұсылман екенсіңдер» деп, дүлділіне мініп алып, Қара Еділден Алатауға, Омбыдан Әмударияға шейін қазақ бар жерді аралап, «Тез жұрт салып, шәһәр болыңдар, егін-сайман алып, жер жыртыңдар» деп жар салар еді.

Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол жұрттың өзі де күшті.

Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу.

Заман бұл күйде тұра бермес, түстен кейін болса да халықтың есі енер. Алды-артына қаранар. Сонда кім дос, кім қас екенін байқар. Кім жұртты бүліншілікке салмау жолында, кім елдегі момын шаруаны желуаз ғып, аспандағы айдан дәмелі қылып жүргенін аңғарар. Аз күнге халық шыдаса, біз де шыдадық.

* * *

Материал «Айқын», «Егемен Қазақстан», «Ойлар», «Білім ал» ресурстарында жарияланған материалдар негізінде әзірленді.