Биыл Түркістан – Абу-Даби әуе бағыты іске қосылады

Биыл Түркістан – Абу-Даби әуе бағыты іске қосылады. Бұл туралы Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Қараша айында Түркістан халықаралық әуежайына «Wizz Air» компаниясының «AirBus 321» әуе рейсі қонады деп күтілуде. Бұл Түркістан–Абу-Дабу әуе бағытының алғашқы рейсі. Аталған бағыттағы рейс аптасына үш рет жолға шығатын болады.

Жалпы қазіргі таңда Түркістан халықаралық әуежайы екі халықаралық (Ыстанбұл, Эль-Кувейт) және алты республикаішілік (Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды) әуе бағыттарына қызмет көрсетіп келеді.

Басқарма басшысы облыс аумағында жөндеуден өтіп жатқан жолдар бойынша да кең көлемді мәлімет берді.

Оның айтуынша, биыл облыс бойынша 1 586,4 шақырым жолдар мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жыл қорытындысымен 1 282,8 шақырым жол пайдалануға беріледі.

Ірі жобалардың бірі Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолдың 52,7 шақырымында қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар Түркістан қаласының әуежайы мен Кентау қаласын қосатын 26 шақырым жол 2023 жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған. Жыл қорытындысымен облыстағы жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 93%-ке жеткізу көзделіп жатыр, — деді Қуатжан Жұматаев.