2024-2025 жылдары 740 мың оқушыға шақталған 369 мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Қазақстанның орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттерді іске асыру мониториңі жөніндегі парламенттік комиссия отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Апатты, үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін тек кейінгі үш жылда 380 мың оқушы орнына арналған 626 мектеп пайдалануға берілді, — деді Ғани Бейсембаев.
Министрліктің мәліметінше, 2020 жылы 81 мың орындық 102 мектеп, 2021 жылы – 163 мың орындық 277 мектеп, сонымен қатар 2022 жылы 136 мың орындық 247 мектеп тапсырылды.
Биыл елімізде 137 мың оқушы орнына арналған 165 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өз кезегінде биыл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге бағытталған. Жалпы, мектеп инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бекітілгені белгілі. Жоба аясында 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті пайдалануға беру ескерілген, — деді ведомство басшысы.
Айта кетейік, 2021 жылғы тоғыз апатты және 31 үш ауысымды мектеп, 2022 жылы алты апатты, 19 үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді.
