Алматы облысындағы автобус апатынан 34 адам зардап шекті

«Қайыңды-Саты» жолындағы апаттан зардап шеккен 34 адамның жағдайы белгілі болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жол апаты салдарынан 36 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза болды. 34 адам зардап шекті. Оның 20-сы әйел, 14-і ер адам. Барлық зардап шеккендерге алгоритм бойынша толық көлемде жедел медициналық көмек берілді. Оқиға орнына 13 жедел жәрдем бригадасы және 1 ТМҚК бригадасы (28 қызметкер және 14 санитариялық автокөлік) жіберілді. Кеген аудандық ауруханасында бір, Шелек ауылының аудандық ауруханасына екі, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына тоғыз науқас ем қабылдап жатыр, жағдайлары орташа ауыр, — делінген хабарламада.

Әкімдіктегілер апаттың барлық мән-жайын объективті зерттеуге бағытталған сараптама тағайындаумен қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Автобус жүргізушісі Кеген ауданы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Істі облыстық полиция бастығы мен Алматы облысының әкімі бақылауға алды.