Азия ойындары: спортшыларымыз тағы 3 күміс, 1 қола медальге ие болды

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында спортшыларымыз тағы үш күміс пен бір қола медальге ие болды.

Бұл туралы туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Қазақстандық каратэші Лаура Әліқұл Азия ойындарының күміс медаліне ие болды. 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз финалда қытайлық Цяоцяо Лиге 0:4 есебімен ұтылды. Бұл 21 жастағы Лаура Әліқұлды жазғы Азия ойындарындағы алғашқы жүлдесі.

Сонымен қатар 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Карина Ибрагимова Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. Финалда ол Тайбэйден келген екі дүркін әлем чемпионы Ю Тин Лиден жеңіліп қалды. Еске салайық, бұған дейін Карина Париж олимпиадасына лицензия ұтып алған болатын.

+92 кг салмақта өнер көрсеткен боксшы Қамшыбек Қоңқабаев күміс медалді жеңіп алды. Финалда ол өзбекстандық Баходир Джалоловтан жеңіліп қалды.

Грек-рим күресінен 29 жастағы Әлімхан Сыздықов 130 келі салмақта қола жүлде үшін белдесуде Түркіменстан палуаны Айбегшазада Курраевтан 5:1 есебімен басым түсті. Осылайша, грек-рим күресінен алты салмақта жүлдеге таласқан Қазақстан спортшыларына бір күміс, екі қола жүлде бұйырды.