Қазақстанда коронавирустың «эрис» штамы анықталды

Қазақстанда омикронның «эрис» деп аталатын жаңа штамы таралып жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

Министр коронавирус дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін айтып өтті. Оның айтуынша, былтырға қарағанда коронавируспен ауыру деңгейі төмендеген. Соған қарамастан министрлік ай сайын коронавирус инфекциясын генетикалық зерттеуден өткізіп отырады.

Кейінгі генетикалық зерттеулер елімізге омикронның «эрис» деген түрі келгенін көрсетті. Қазір барлық өңірде вирустың осы түрі тіркеліп жатыр. Коронавирус уақыт өте қоршаған ортаға бейімделіп, әртүрлі мутацияға ұшырап жатыр, — деді Ажар Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифиңде.

Ол омикрон жеңіл немесе орташа жеңіл түрде өтіп жатқанын айтты.

Қазір республика бойынша стационарларда коронавирустан 35 адам емделіп жатыр. Дені егде жастағы, созылмалы аурулары бар адамдар.