Ақжайық – шеберлер қаласы

«Қала күні—2023» мерекесіне орай Оралдағы Д.Нұрпейісова көшесі бойындағы арбатта дәстүрлі «Ақжайық — шеберлер қаласы» жергілікті қолөнершілердің көрмесі өтті.

Қазақтың қолөнері — атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық өнер. Көрмеге өңірімізге танымал 27 жергілікті қолөнер шебері қатысты. Көрменің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамытып, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, дарынды қолөнершілерді көпшілікке таныстыру. Қолөнершілер көрмеде әр түрлі тұрмыстық, зергерлік, сәндік, тоқыма және ағаштан жасалған бұйымдарын тұрғындарға ұсынды. Жалпы аталмыш көрме қала тұрғындары үшін көктем және күз мезгілдерінде ұйымдастырылады.

Сонымен қатар «Қала күні» мерекесіне орай «Сапалы өнім – 2023» азық-түлік өндірушілерінің көрмесі өтті. Аталмыш көрме биыл  он бесінші рет ұйымдастырылып отыр. Дәстүрлі көрмеге қаламыздан барлығы 20 кәсіпорын мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

Көрмеде нан, кондитер өнімдері, сондай-ақ минералдық су, шұжық және қалбыр, астық өнімдері, құс етін сатып алушыларға ұсынды.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов пен қонақтар жәрмеңкені аралап, барлық қатысушылардың өнімдерімен танысып шықты.