Орал қалалық мәслихатының V кезекті сессиясы өтті

Орал қалалық мәслихатының V кезекті сессиясы өтті. Сессияда негізінен Орал қаласы әкімінің өзіне жүктелген функциясы мен міндеттерін орындау тәртібі қаралып, жыл бойы атқарған жұмысының есебі тыңдалды.

Қала әкімі Миржан Сатқанов алдағы жылдары кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын жобалармен таныстырып өтті.

Биыл қаладағы барлық жұмыстар өз кезегінде қарқынды іске асып жатыр. Соның ішінде қалаішілік автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары көпшіліктің назарында екені белгілі. Сонымен қатар жаңадан бой көтергелі жатырған Ақжайық ауданында да 50 мың тұрғынды қамтамасыз ететін инфрақұрылымдар салынуда. Әкім жарықтандыру мәселесіне кеңінен тоқталды.

Баса назар аударарлық мәселе — келер жылы жаңа жоба бойынша қаламыздағы қысқа көшелер, яғни 200 метрден 500 метрге дейінгі қысқа 50-60 көше асфальтталатын болады. Оның ішінде орталық көшелерге басымдық берілмек. Бұдан бөлек, жаңа жоба бойынша аулаларға асфальт төселеді. Яғни, шамамен 2026 жылға дейін қаламыздағы барлық қысқа көшелер жоба бойынша асфальтталып, абаттандырылып болмақ. Ең басты айта кетерлік жаңалық, қаламыздың көрікті жері, қала тұрғындарының ең көп демалатын Жайық жағалауы күрделі жөндеуді қажет етіп тұрғаны белгілі. Бұйырса сол жағалаудағы жеке меншікке айналған жерлер мемлекет меншігіне кері қайтарылып, толықтай күрделі жөндеуден өткізілмек.

Сессияда аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Қазіргі таңда кезекте тұрған халықты баспанамен қамтамасыз ету бұрынғыданда қиындап кеткені белгілі. Соған байланысты келер жылдан бастап бизнеспен дайын үйлерді сатып алу жобасы іске қосылмақ. Өйткені ол бірден-бір тиімді жоба болады деп шешіліп отыр.

Одан әрі Орал қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы, Орал қаласы бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту мәселелері талқыға салынды.