Президент Германия бизнесмендерін еліміздегі жобаларды жүзеге асыруға шақырды

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Жиында мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25%-ке өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін айтты.

Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90%-ке жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания жұмыс істейді.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атады. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең әуелі, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажет табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.

2040 жылға қарай маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдарға әлемдік сұраныс төрт есе артады деген болжам бар. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Қазақстанда құны 46 триллион доллардан асатын бес мыңнан аса барлау жасалмаған кен орны бар. Сондықтан Канцлер Олаф Шольцке бірлескен шикізатты игеру жобаларын жүзеге асыру үшін Консорциум құруды ұсындым. Бұл бастама үкіметаралық серіктестік туралы қолданыстағы келісімдермен қатар, ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Германияның жеке инвесторларын осы Консорциумға қосылуға шақырамын, – деді мемлекет басшысы.

Президент неміс бизнесмендерді Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.