Терроризм туралы жалған хабар бергендер қалай жазаланады?

Биыл ішкі істер органы терроризм туралы жалған қоңырау шалған және ақпарат беруге қатысты 118 қылмыстық істі тіркеді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша, терроризм туралы жалған хабар берген адамға 5000 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады, сол мөлшерде түзеу жұмысы беріледі немесе бес жылға дейін бас бостандығы шектеледі немесе бас бостандығынан айырылады.

11 адамға қатысты үкім шығарылды, олар түрлі қылмыстық жазаға тартылды, – деді ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Дархан Разуев.

Оның айтуынша, мұндай қылмыс жасайтындар арасында кәмәлетке толмағандар саны артқан.

Былтыр терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлар жасағаны үшін 12 кәмелетке толмаған ұсталды, олардың үшеуі бас бостандығын шектеуге байланысты нақты қылмыстық жазаға тартылды. Биыл 11 жасөспірім ұсталды. Бүгінде төрт балаға қатысты іс қылмыстық жаза жасына жетпеуіне байланысты тоқтатылды. Олардың ата-аналары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» жауапқа тартылды, оларға айыппұл салынды. Бірақ қалған балаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр, – деді Дархан Разуев.

Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сонымен қатар сот шешімі негізінде шығындар мен осындай хабарламадан келтірілген барлық залалды баланың ата-анасы не заңды өкілі өтейді.

Көрінеу жалған хабарламалар материалдық шығын әкеліп қана қоймай, шұғыл қызметтердің уақытын алады, – деді полиция полковнигі.