Қазір «уақытын бос өткізбеймін» деген адамға түрлі қызық, пайдалы хобби бар. Мысалы, 24 жастағы Динара Сайлаубекова лоңборд тебеді. Тіпті ол Алматыдан Түркістанға дейінгі 800 шақырым жолды лоңбордпен жүріп өткен. Лоңборд деген не? Динараға мұның несі қызық болды? Baribar.kz тілшісі Динарамен әңгімелесті.
Лоңборд — дөңгелекпен жүретін тақтайша. Өзі скейтбордқа ұқсайды. Тақтайшасы әдетте ұзын болады, сол себепті де оны «лоңборд» деп атайды.
Динара лоңборд туралы қайдан білді?
Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз қаласы Тарбағатай ауылынанмын. Жасым 24-те. Негізгі мамандығым — қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі. Анам — жаттықтырушы. Мені 3-кластан бастап спортқа баулып өсірді. Кішкентайымнан адреналинді, спортты жақсы көремін.
Мектеп кезінде Шығыс Қазақстанның баскетбол, волейбол құрамасында болдым. Алматыға оқуға түскен соң, джиу джитсумен айналыса бастадым. Оған қоса қоян-қолтық ұрысына (рукопашный бой) қатысамын, садақ атамын, велосипед айдаймын. Бір сөзбен айтқанда, үнемді адреналинді сезініп жүргенді ұнатамын.
Сондай ерекше сезімді іздеп жүргенімде интернеттен лоңборд, лоңбордшылар туралы ақпарат көріп қалдым. Лоңбордты көбіне шетелдіктер тебетінін байқадым. Дегенмен бір күні лоңборд тебетін қазақстандықтарды тауып алдым. Өздері бір қауымдастық екен. Желіде ортақ тобы бар, сонда жиі араласып, кездесіп, бірге лоңборд тебеді екен. Шамалап айтқанда, еліміз бойынша жалпы 150-200 лоңбордшы бар.
Бірақ лоңбордқа қызығатын қыздар аз. Мен Қазақстан бойынша тек бір қызды танимын. Әзірге лоңборд теуіп жүрген екеуіміз ғана. Лоңборд теуіп жүргеніме бір жылдан асты.
Лоңбордпен Алматыдан Түркістанға қалай барды?
Бір жыл бойы Алматының ішінде және оның маңында ғана лоңборд тептім. Онымен Үлкен Алматы көліне, Көлсайға, Қайыңдыға бардым. Биыл шекараны кеңейткім келді. Еліміздің басқа елдімекеніне, шетелге лоңбордпен барып көргім келді. Оның үстіне бұған дейін Грузия мен Түркия елдерінің қалаларында велотур ұйымдастырып, ол жерді велосипедпен аралағанмын. Алыс жолдан сезетін адреналиннің орны бөлек екенін жақсы білемін.
Алматыда садақ атудан «Мергендер мекені» деген ұлттық жобаға қатысып, Түркістанда өтетін финалына өттім. Байқауға дейін үш күн уақытым болды. Осы сәтті мүмкіндігім санадым да, лоңбордымды алып, жолға шығып кеттім.
Екі күн жол жүрдім. Бірінші күнім Алматыдан Таразға дейінгі жолға кетті.
Лоңборд тоқ арқылы істейді. Қуаты бес-алты сағатқа қана жетеді. Сол себепті жолда қуаты біткенде тоқтап, асханаға, мейрамханаға кіріп, қуатқа қосамын. Оған дейін өзім де әлденіп аламын. Бір-екі сағат демалыстан соң қайта жолға шығамын. Түнде қауіпті әрі қорқынышты, сондықтан кеш батқанда автостоппен жолдан көлік тоқтаттып жүрдім.
Шетелде туристерге көмектесіп, жол көрсетіп жатады ғой. Біздің елдің тұрғындарында ондай мәдениет қалыптаспаған деп ойлайтынмын. Сөйтсем, қателесіппін. Біздің халық та өте мейірбан екен. Жолда көмектесіп, қалаған жеріме апарып тастап жүрді.
Сөйтіп, Тараздан Шымкентке автостоппен жеттім. Шымкентке жеткен соң құрбымның үйіне қонып, сәл демалып алдым. Содан кейін Түркістанға бардым. Бұл сапарым өзіме ұнады. Үлкен тәжірибе болды деп ойлаймын.
Лоңбордты қалай үйренді?
Лоңборд тебу қиын емес. Өзім бірнеше сағатта үйреніп алдым. Мұнда ең бастысы — тепе-теңдікті дұрыс ұстау. Лоңбордты денеңізбен алға-артқа, жанға бұрып отырасыз.
Скейтбордты аяғыңмен итеріп тепсең, лоңборд самокат сияқты тоқпен жүреді. Сол себепті оны басқаруды тез үйреніп алуға болады. Оның пульті де бар. Ол арқылы жылдамдықты өзгерте аласыз, инвентарьды тоқтата аласыз.
Қазақстанның жолдары лоңборд тебуге ыңғайлы ма?
Лоңбордтың скейтбордтан тағы бір айырмашылығы сол, оны түрлі жағдайдағы жолда айдауға болады. Дегенмен ол лоңбордтың сапасына байланысты екенін де ұмытпаған жөн. Мысалы, менің лоңбордымның сапасы орташа. Өзі 500 мың теңге тұрады. Ол кей жолға шыдайды, кейбіріне шыдамайды. Ал өте сапалы лоңбордпен тау-тасты да аралауға болады.
Алматы мен Астананың көшелері ғана лоңборд тебуге ыңғайлы. Оңтүстік өңірге апаратын үлкен тас жол да жақсы жасалған, бірақ басқа өңірлерде қиындау. Мысалы, қазір Семейдемін. Мұнда көлік тұрмақ, жаяу жүргіншілерге арналған жол нашар. Сондықтан бұл өңірде тебе алмай жүрмін.
Өзіме Алматыдағы Абай даңғылының бойы ұнайды. Онда велосипедке арналған жол бар. Оның бойымен жүретін көлік жүргізушілері де, адамдары да жайлы.
Лоңбордтың салмағы — 10 келі. Баспалдақтан көтерілгенде, метроға кіргенде көтеріп алу керек. Сондай кезде сәл ауыр. Арнайы қапшықтары да бар, дегенмен мен жай ғана қолға ұстауды жөн көремін.
Лоңборд тепкендер көп жарақат ала ма?
Адам лоңбордты тепкенде абайламаса, көп жарақат алып қалуы мүмкін. Алғаш үйреніп жүргенімде күнде таңертең Медеуге, Горельникке баратынмын. Сол кезде алдымнан жиі көлік шығып қалатын. Адамдар да көшеде құлаққаппен жүреді. Лоңбордпен келе жатқаныңды естімей, көрмей жатады. Кейде бір тар көшеден алдыңнан атып шығуы мүмкін. Осындай кезде жарақат алып қалуыңыз мүмкін.
Өзім талай аяғымды сындырдым, жарақат алдым. Дегенмен қай спорт түрінде жарақат алмайсың?! Үйреніп қалған соң ба, әлде лоңбордты ерекше ұнатқан соң ба — жарақаттан қорыққан емеспін. Әрине, анам алаңдайды. Дегенмен мен қалап тұрған соң, мұнымды түсініп қарайды.
Қалаған жеріме де лоңборд арқылы барамын. Өте алыс болса, жаңбыр жауып тұрса немесе асығып тұрсам, автобусқа, метроға, таксиге мінемін. Қалған уақытта тек лоңбордпен қатынаймын. Бос уақытымда да лоңбордпен қаланы аралап шығамын. Күнде тебуге тырысамын.
Лоңборд Динараға не берді?
Лоңбордты тепкенде, ең әуелі, өзімді еркін сезінемін. Одан кейін бұл хоббиім маған орта сыйлады. Лоңборд тебетіндермен араласып, кездесіп тұрамыз. Бір-бірімізді көшеден көріп қалсақ, араласпасақ та амандасып тұрамыз. Оған қоса лоңборд тебетін адамның көбі еркін, адреналинді сүйетін, өмірге құлшынысы, талпынысы ерекше екенін байқаймын. Көбінің көңіл-күйі көтеріңкі жүреді. Адамның мұндай көңілде жүргені осы лоңбордтың ықпалы деп ойлаймын.
Өкінішке қарай, қазір телефонға үңіліп кеткенбіз. Айналаға, жан-жағымыздағы адамдарға, заттарға да мән бермейміз. Ал лоңборд тепсең, таза ауада, көшеде табиғатқа тамсанып, қаладағы әр нәрсеге мән беріп, ми сергіп қалады. Оған қоса «Қазір қайда барамын? Қай жаққа бұрыламын?» деп те ойлап тұрасың. Оны өзі миға жаттығу сияқты. Бір сөзбен айтқанда, лоңборд күнделікті өмірде назардан тыс қалып жатқан ерекше дүниелерді байқауды үйретеді.
Адамның мүмкіндігі болса, сапалы, қымбат лоңборд алғаны жөн. Лоңбордтың сапалы болғаны — қауіпсіз екенінің де кепілі. Енді үйреніп жүргендер басында арнайы баскиім, қол-аяғына қорғаныш заттарын таққаны дұрыс. Сіз дұрыс айдағаныңызбен, басқалар жолда дұрыс жүрмеуі мүмкін. Сол себепті сақтанған абзал.