Президент Аралды құтқару қорын дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінде ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президенттің айтуынша, қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді.

Қордың басқармасы мен атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді, — деді президент Душанбеде өткен кездесуде.

Ол Орталық Азиядағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, аймақтың су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру қажет деп санайды.

Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика концорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді, — деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониториң жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізіледі.

Президенттің айтуынша, бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды бастаманың бірі – Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру. Бұл қадам климаттың өзгеруіне бейімделу және оның салдарын азайту үшін пәрменді шаралар әзірлеуге мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді Қазақстан басшысы.

Мемлекет басшысы Бішкектің қорды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметіне атсалысуын оң бағалайтынын атап өтті.

Қырғыз Республикасы қайтадан Халықаралық Аралды құтқару қорының толыққанды мүшесі болады деп үміттенеміз. Келешекте біз бауырлас Қырғызстанның қорға төрағалық етуін қуана құптаймыз, — деді президент.