Елімізде үш бағыттағы автожол реконструкцияланады

Көлік министрі Марат Қарабаев өңірлерге жасаған жұмыс сапарынан кейін еліміздегі автожол саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді.

Бұл туралы көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алқалы жиын барысында автожол саласын одан әрі дамыту бойынша қалыптасқан жағдай мен алдағы уақытқа белгіленген жоспарлар, атап айтқанда басымдық берілген жобаларды іске асыру, жолдарды реконструкциялауға арналған жерлерді белгілеу, сонымен қатар жол бойында жолаушыларға қызмет көрсететін нысандар желісін кеңейту бойынша өзекті мәселелер талқыланды.

Кеңейтілген кеңеске автомобиль жолдары комитетінің, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, автожолдардың құрылысына қатысатын отандық мердігерлік ұйымдардың, сонымен қатар жанармай құю бекеттері мен жол бойындағы сервис объектілерінің құрылысына инвестиция құятын компаниялардың өкілдері қатысты.

Сонымен бірге жаңадан құрылған министрліктің басшысы «Ақтөбе-Ұлғайсын-Қызылорда» (1363 км), «Жезқазған-Қарағанды» (513 км) және «Сарыағаш қаласын айналып өту» (102 км) автожолдарын реконструкциялау жөніндегі жобалар басымдық берілетін жобалардың қатарына қосылғаны туралы мәлімдеді.

Марат Қарабаевтың айтуынша, аталған жолдарды төрт жолақты қозғалыспен қамтамасыз етіп, I техникалық санатқа ауыстыру туралы шешім көлік қозғалысы қарқындылығының артуына байланысты қабылданған.

Республиканың жол-көлік әлеуетін іске асыру жөніндегі жоспарларға сәйкес көлік министрлігі республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамыту шеңберіндегі жұмысты белсенді түрде жалғастырады.

Бұдан бөлек 2029 жылға қарай стандартқа сәйкес келетін 200-ден астам жаңа нысан салу жоспарда бар.

Кеңес қорытындысы бойынша министр Марат Қарабаев учаскелерді мақсатсыз қолдану жағдайларын болдырмау мақсатында автомобиль жолдарын реконструкциялау үшін жерлерді алдын ала резервке қою жөнінде тапсырма берді.