Бір сағатта бір кітап. Жылдам оқу есте сақтау қабілетін жақсартуға қалай әсер етеді?

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова. Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Бір минут бұрын не істегеніңізді, телефоныңызды қайда қойғаныңызды ұмытып қала бересіз бе? Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін кітапты жылдамырақ оқу жеткілікті екенін біліп пе едіңіз? Baribar.kz жылдам оқу курстарының маманы, коуч Айлана Әубәкіровамен кездесіп, кітап оқудың пайдасы туралы, жылдамырақ оқу адам өміріне қалай әсер ететіні жайлы сұрады.

«Бір кітапты бір сағатта оқып бітіруге болады»

Айлананың рекорды — минутына 5000 сөз. Оның айтуынша, бір кітапты оқуға көп дегенде үш сағат жеткілікті.

Жылдам оқуды меңгергеніме төрт жылдан асты. Қазір мұның пайдалы екеніне толық көзім жетті. Біріншіден, тез оқи алу, бір сағатта бір кітапты оқып бітіру дегеннің өзі керемет дүние сияқты. Әрине, жылдамдық кітап жанрына байланысты болады, бірақ роман, детектив жанрындағы кітаптарды қиналмастан, бір-екі сағатта оқып шығуға болады. Ал цифрлар мен есімдер сияқты ақпараты көп саяси немесе тарихи әдебиетті оқуға үш сағат жетеді, — дейді Айлана Әубәкірова.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айлана тез оқу қабілеті адамның оқу жылдамдығын арттырып қоймай, есте сақтау қабілетін жақсартуға да көмектесетінін айтады. Жылдам оқуды үйретенін сабақтың көп бөлігі де осы бағытта жаттығу жасауға кетеді.

Көбі жылдам оқып үйрену деген кітапты зырылдатып оқып, жылдамдықты арттыруға ғана пайдалы деп ойлайды. Жылдам оқуды үйрететін әр сабағымыз бір сағат болады, оқушылар оның тек 15 минутында кітап оқиды. Қалған 45 минутта мидың жұмысын дамыту, жақсарту үшін жаттығулар жасаймыз. Ми іске қосылған соң ғана жылдамдық пайда болады. Сондықтан адам түсініп оқуы үшін әуелі оның есте сақтау қабілетін жақсартуға тырысамыз. Бір минутта төрт-бес бет оқып, бәрін түсініп, есте сақтап, кейін бірден мазмұндап беру оңай емес. Бұған қоса сол 45 минутта адамның зейін қоюын жақсарту бойынша жаттығу жасатамыз, — дейді ол.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«2000-жылдары туғандар кітап оқығанды ұната бермейді»

Айлананың өзі медицина университетін бітірген. Бірақ мамандығы бойынша мүлдем жұмыс істемеген. Сабағы қиын болғандықтан, студент кезінде өзі де жылдам оқу курстарына жазылып, үлгерімін жақсартқан.

Былтыр С. Д. Асфендияров атындағы университетті технолог-фармацевт мамандығы бойынша бітірдім. Қазіргі ісіме келуіме осы медициналық университетте оқығаным себеп болды. Медицина мамандықтары бойынша оқитын студенттердің үй тапсырмасы қиын болады, меңгеру керек ақпарат та көп. Негізі мектепте де гуманитарлық пәндерді аса ұната бермейтінмін. 17 жасқа дейін тек бір кітап оқыған екенмін — Дейл Карнегидің дос табу туралы кітабы. Студент кездері кейбір гуманитарлық пән бойынша «үштік» алып қалдым. Сөйтіп жүріп шәкіртақымнан да айырылдым. Университет оқып жүріп, ақпаратты түсініп, оны мазмұндап, өз ойымды жеткізу қабілетім төмен екені анық білінді. Сондықтан бірінші семестрден соң бір оқу орталығына жылдам оқу бойынша қосымша курсқа жазылдым, — дейді Айлана.

Қазір оның жылдам оқу курсына қатысқысы келетіндердің көбі де — студенттер мен мектеп оқушылары.

Жалпы, 2000-жылдары туғандар кітап оқығанды ұната бермейді. Себебі біздің бала күнімізде теледидар болды. Кітап оқудан гөрі көк жәшіктен көріп алған қызығырақ. Кейінірек туғандар гаджеттер дәуіріне тап келді. Бірақ 90-жылғылардың көбі бала шағында кітап оқығанды жақсы көрген. Олардың балалары — қазір мектеп оқушысы. Сондықтан олар балалары да кітап оқығанын қалап, амалын іздеп, жылдам оқу курсына жаздырады. Ал студенттер өз бетінше жазылады. Олар кезіндегі өзім сияқты оқу үлгерімін жақсарту үшін келеді. Ересектер есте сақтау қабілетін жақсартып, ұмытшақтықтан арылу үшін, кітап оқып жатып ұйықтап кететініне шағымданып келіп жатады, — дейді маман.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Тоңазытқышты не үшін ашқанымды ұмытып қаламын дейтіндер көп»

Жылдам оқу курсын аяқтаған соң көп студент ұмытшақтықтан арылғанын айтатын көрінеді. Айлана мұның бәрі жаттығулардың арқасы дейді.

Адамдар есте сақтау қабілеті жақсарғанына қуанып, рақмет айтып жатады. Қазір «телефонымды қайда қойғанымды, тоңазытқышты не үшін ашқанымды ұмытып қаламын» дейтіндер көп қой. Мұның бір-ақ себебі бар: миымызда ақпарат, ой өте көп. Ми оны қорытып, не істеуі керек екенін, қазір қандай тапсырманы орындауы керек екенін шешіп үлгермейді. Ал жылдам оқу қабілетін меңгерген адам мидың жұмысын жақсартқанының арқасында сол мидағы ойлардың хаосын реттеп алады. Бастысы, курста жасаған жаттығуларды кейін де қайталап тұру керек, — дейді ол.


Есте сақтау қабілетін жақсартуға арналған жаттығулар

Айлана Baribar.kz оқырмандары үшін сондай жаттығулардың бірнешеуін атап берді. Коуч мұны орындау үшін арнайы уақыт бөліп те қажет емес дейді.

Қазір есте сақтау қабілетінің нашарлағаны — екінің бірі үшін проблема. Таныстарымның арасында дәрігер жағалап, себебін таппай жүргендер көп. Жақсартамын деп, түрлі биологиялық қоспа ішетіндер де баршылық. Негізі есте сақтау қабілетін жақсарту үшін оны үнемі, күн сайын жақсартып отыру керек. Кітап дүкендерінде осы тақырыптағы әдебиет көп болғанымен, онда мидың жұмысы туралы теория ғана жазылған, практикалық тапсырма жоқтың қасы. Тек Рюта Кавашиманың «Миыңды жаттықтыр» деген кітабында біршама пайдалы кеңес бар дер едім. Ал мен үшін есте сақтау қабілетін жақсартудың ең оңай тәсілі — қарапайым арифметикалық тапсырмаларды орындап отыру, — дейді ол.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айлана калькулятордан біртіндеп бас тартқан жөн дейді. Оның сөзіне қарағанда, миды еріншек, адамды ұмытшақ ететін басты зат — осы құрал.

Жай ғана «18-7=?», «25+12=?» деген сияқты есептерді уақытқа қарап шешуге дағдылану керек. Өкінішке қарай, мектеп бітірген соң көбіміз ойша есептеуді қоямыз. Тіпті қазір мектеп оқушыларына да емтиханға калькулятор алып кіруге рұқсат беріліп жатыр. Бұған қоса қазір қолма-қол ақша қолданатын адам да аз. Бұның бәрі мидың жұмысын тежейді. Бұрын дүкенге 1000 теңге алып шығып, нан 100 теңге, сары май 200 теңге, сүт 330 теңге деп, қалтамызда 370 теңге қалатынын алдын ала есептеп баратынбыз. Ал қазір бәрін карта немесе qr код арқылы төлегендіктен, қалтамызда қанша ақша барын, қанша қалатынын білмейміз де, есептемейміз де. Технология күннен күнге дамып жатқандықтан, оның бергенінің бәрін ала бермей, саралап, миды жұмыс істету керек, — дейді Айлана.

Айлана әлеуметтік желілерді пайдаланғанда да миды жаттықтырып отыруға болады дейді.

TikTok пен Instagram желісінде «Есеп-қисап» деген сияқты тапсырмасы бар, алгоритмдік тапсырмаларға негізделген маска көп. Лентаны сырғыта бергеннің орнына бір мезгіл осымен айналысқан әлдеқайда тиімді. Есесіне көп уақыт өтпей-ақ, көліктің кілтін қайда қойғаныңызды мүлдем ұмытпайтын боласыз, — дейді ол.

Айлана есте сақтау қабілетін қалыпқа келтіру үшін немесе оны жақсарту үшін есеп-қисапты өмірдің бір бөлшегіне айналдыру керек дейді. Ол сан көргенде бірден ойша есеп құрастырып, жылдам шешуге дағдыланған дұрыс екенін айтады.

Өз басым құрбыларыммен тамақ ішуге барғанда есеп келгенде оны калькулятор арқылы бөлгенін күтпей, бірден ойша есептегенді дұрыс көремін. 12 900 теңге шықты делік, оны үшке бөлсек, 4300 теңге болады. Қазір оқырман да, бұл есепті өзі есептеместен, бірден жауабын оқыған болуы мүмкін. Ойлап қарасақ, біздің ата-әжеміз әлі күнге дейін есепке жақсы, кейбірі көпке дейін ұмытшақ болғанын айтып шағымданбайды да. Меніңше, мұның себебі олардың заманында калькулятор болмағанынан. Болса да, екінің бірі қалаған сәтте қалтасынан шығарып, қолдана салатындай қолжетімді дүние болмағанынан, — дейді Айлана.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айлана Әубәкірова математиканы тастамаған адам жылдам оқу бойынша да тезірек нәтижеге жететінін айтады. Ол бұл сөзін өз оқушыларының мысалы арқылы түсіндіріп берді.

Мектеп оқушылары курсқа келгенде, басқаларына қарағанда нәтижені әлдеқайда тез көрсетеді. Себебі олардың өмірінде математика бар. Есеп берсең, бір минутта шешіп тастайды. Ал ересектер үш, кейде тіпті төрт минутта әрең шешеді. Демек, есеп болмаса, мидың белсенділігі бірден екі есе әлсірейді. Сондықтан кептелістегі уақытта да қысылмай, миыңызды «қинаңыз». Мұндайда көліктердің нөмірі де — керемет жаттығу. 786ВСА02 делік, 786-ны қала кодына бөліңіз де, мұны да миға азық қылыңыз,  — деп кеңес берді Айлана.

Осындай жаттығулармен қатар курста тез оқудың бірден бес әдісі үйретіледі. Курсты аяқтаған адамдар минутына кемі 2000 сөз шамасында оқитын көрінеді.

Көп жерде тек бір әдіс бойынша оқытатынын білемін. Бірақ өзім бірден бес әдісті үйретіп, кейін клиент өзіне ұнағанын таңдағанын қалаймын. Әдістерді кітап жанры бойынша бөлгенді дұрыс көремін. Детектив, романдарды оқу үшін — «тігінен оқу» деген әдіс бар, қаржы сауаты бойынша, саясат туралы әдебиетті тез оқу үшін және ғылыми әдебиетті оқу үшін — «секіре оқу» әдісі дұрыс. Оқушылар курста әдістің бәрімен танысқан соң, өздеріне ұнайтын біреуін таңдап кетеді. Курс 14 сабақтан тұрады, — дейді ол.

Айлана Әубәкірова. кітап оқу, тез оқу, есте сақтау, ұмытшақтық
Айлана Әубәкірова.Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Айлананың айтуынша, нәтиженің қандай болары әуелі студентке байланысты. Ол ынтасы жоғары студенттер өзін де басып озып кеткен кездер болғанын айтады. Сабақтардан қалмай барып, үй тапсырмаларын тыңғылықты орындап жүрген оқушысы бір минутта 5000 сөз оқитын болған.

Қазір де Айлана мектеп оқушысына дәріс беруге барады. Айлананың айтуынша, үш ай демалыстан кейін «қыркүйектің» қалай жазылатынын ұмытып қалған балалар өзінің бала күнін есіне салады екен. Ол жылдам оқуды меңгеріп шыққан адам мұны мүлдем ұмытпайтын болады дейді.