Президент Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданды қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Президент, ең алдымен, Хакан Фиданды Түркияның сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтап, оның қазақ-түрік қатынастарын одан әрі дамытуға елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толатынын атап өтіп, бұл бауырлас мемлекет үшін тарихи белес екенін жеткізді.

Бір ғасырдың ішінде Анадолы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салада орасан зор табысқа жетті. Аймақтық және жаһандық мәселелерді шешуге белсенді және табанды түрде атсалысып, әлемнің беделді мемлекетіне айналды. Мен Түркияның ғасырлық мерекесіне орай Астана көшелерінің бірін «Анадолы» деп атауды тапсырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркия – біздің аса маңызды стратегиялық серіктесіміз екеніне назар аударып, екі ел басшыларының кездесуінде жоғары деңгейдегі көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Бауырлас елдеріміздің қарым-қатынасы кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Түркия еліміздің негізгі төрт сауда серіктесінің біріне айналды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 54%-ке өсіп, 6,3 миллиард долларға жетті. Осы көрсеткішті жақын арада 10 миллиардқа жеткізуге келістік. Екі ел арасында инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Түркия – Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының бірі. Қазір жалпы құны 2,8 миллиард доллардан асатын 36 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Сондықтан екі ел арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор деп ойлаймыз, – деді президент.