Күн сайын 200-ге жуық қазақстандық банкрот болып жатыр

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жеке адамдардың банкроттығы рәсіміне қатысты түсінік берді.

Биылғы 3 наурыздағы банкроттық туралы заң аясында тиісті жұмыстар іске асырылып жатыр. Осы күннен бастап өтінімдерді қабылдай бастадық. Заң бойынша тексеру жүргізуге жарты жыл уақыт қарастырылған. Бұл тұрғыда біз өзін банкрот деп жариялағысы келетін адамнан бірден өтінімді қабылдап, банкрот деп жариялай алмаймыз. Дәл қазір жартыжылдық мерзім өтті. Енді банкрот деп жариялау процедурасы жүріп жатыр. Алғашқы күндері адамдардан түскен 370-тен аса өтінімді қарастырып, оларды банкрот деп жарияладық, — деді Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, күн сайын банкроттардың тізіміне 100-200 адам қосылып отырады. Жалпы соттан тыс банкроттық рәсіміне 65 мың Қазақстан азаматы өтініш берді.

1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 мың адам банкрот деп жарияланауы мүмкін, бұл адамдар біртіндеп тізімге қосылып отырады. Бірақ өтінімдер күн сайын түсіп жатыр. Тізім толықтырылады. Осы 10 мың адамның шамамен 400-ге жуығын банкрот деп таныдық. Күн сайын банкрот тізіміне 100-200 адам қосылады, — деді вице-министр.