1 қаңтардан бастап қанша адамның жалақысы көбейеді?

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады.

Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық саладағы меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерінің ақшалай табысы көбейеді.

Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орындалатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады.

Айта кетейік, Қазақстанда ЕТЖ мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын артып келеді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде ЕТЖ мөлшері екі есе артпақ.

Ең бірінші кезекте ЕТЖ-ның өсуі жалақысы төмен жұмыскерлерге әсер етеді. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер, сонымен қатар разряд аралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайды.

Осының нәтижесінде барлық салада әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет қызметкерлерінің ақшалай табысы өседі.