Президент ҚР қарулы күштері бас штабының шұғыл кеңесін өткізді

Қарулы күштердің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Батыл тойтарыс – 2023» оқу-жаттығу жиыны өтетін жерге келген соң бас штабтың алдыңғы шептегі басқару пунктін аралап көріп, шұғыл кеңес өткізді.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Бас штабтың бастығы, генерал-лейтенант Марат Құсайынов жалпы ахуал жөнінде баяндады. Содан кейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бейнебайланыс режимінде еліміздің қорғаныс әлеуетін арттыру үшін әзірленген шаралар туралы баяндама жасады.

photo
Фото: Аkorda.kz

Ал әскер түрлерінің бас қолбасшылары және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, сонымен қатар Абай облысының әкімі мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің міндетін атқарушы өздеріне сеніп тапсырылған аумақтағы жүктелген міндеттердің орындалу барысы жөнінде баяндады.

Кеңес барысында президент армияны жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен қамтасыз ету қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенін нығайтудың маңыздылығына назар аударды.