«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы жолаушылар мен жүк багажын билетсіз өткізетін делдалдарға қарсы күрес шараларын күшейтеді.
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Арнайы кеңесте бірқатар шешім әзірленді. Олар:
- пойыздарда тексерістерді көбейту, билеттің бар-жоғын қарау;
- көлік полициясы нарядтары бар пойыздар санын барынша арттыру;
- теміржол вокзалдарында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстарын жалғастыру.
Бұдан бөлек жолаушылармен жұмыс істейтін қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарына үшінші тұлғаларға билетсіз жол жүруге және ресімделмеген багажды тасымалдауға заңсыз көмек көрсеткені үшін жауапкершілікті енгізіледі. Жолсеріктер де заң алдында жауап береді.
Айта кетейік, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 623-бабында жолаушыларды билетсіз тасымалдағаны үшін жауапкершілік нормасы қарастырылған:
- халықаралық қатынас пойыздарында – 7 АЕК (24 150 теңге) мөлшерінде айыппұл;
- республиканың ішіндегі пойыздарда – 5 АЕК (17 250 теңге) мөлшерінде айыппұл.
