Алматыда қала күні қалай тойланады?

2-30 қыркүйек аралығында Алматыда 100-ден астам мәдени, спорт, ойын-сауық және экологиялық шаралар өтеді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Ұлы дала – көшпенділер әлемі» этномәдени фестивалі мерекелік айдың шымылдығын түріп, 2-3 қыркүйекте «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық саябағында өтеді. Малайзия, Башқұртстан, Дағыстаннан келген қатысушылар көшпелі халықтардың дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық ойындары мен музыкасын ұсынады, — делінген хабарламада.

6 және 7 қыркүйекте Көктөбе саябағында «Алматы Көк-Төбе Опера» классикалық музыка фестивалі, ал 13-14 қыркүйекте Абай алаңында ашық аспан астындағы «Оркестрлер фестивалі» өтеді.

Биыл 10-30 қыркүйек аралығында Алматыда Artbat Fest өтеді: Арбат қазақстандық суретшілердің бірегей smart-нысандарын безендіреді. Күздің алғашқы айындағы басты оқиға – Apple Fest. 16-17 қыркүйекте Тұңғыш президент саябағы алма резиденциясына айналады. Облыстық шаруашылықтар 127 тонна алманы сатылымға шығарады. Қаланың барлық мерекелік орны автобус қатынасына қосылады. Қоғамдық көлік жұмыс кестесін сағат 00.00-ге дейін өзгертеді, — делінген хабарламада.