Басты бетЖаңалықтар"Қазақстан" шахтасындағы...

«Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеуге халықаралық сарапшылар тартылды

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатты тергеу аясында бірқатар сараптама тағайындалды. Оларды қазақстандық және халықаралық ұйымдар жүргізеді. 

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігі хабарлады.

Арнайы комиссия мүшелері жұмысты ұйымдастыру барысы туралы айтып берді.

Бүгінде өкім бойынша жеті кіші комиссия құрылды. Әртүрлі жүйелердің жұмысы, оның ішінде позициялау, апатты жою жоспарын жасау, конвейерлер мен тау-кен қазбаларының техникалық жай-күйінің жобалау-техникалық және нормативтік құжаттама талаптарына сәйкестігі және тағы басқа мәселелер зерттеледі. Міндет – өрттің пайда болу және даму себептерін анықтау, – деді ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, комиссия төрағасының орынбасары Мұса Танабаев.

Оның айтуынша, жеті сараптама тағайындалды: «Горняк» оқшаулағыш өзін-өзі құтқарушыларының жұмысы, кеніш атмосферасын бақылаудың автоматты жүйесі, өрт-техникалық және т.б. өрт шыққан конвейердің таспа төсемі бойынша қорытынды алу қажет.

Қазақстандық сарапшылар жақын арада жұмысқа кіріседі. Сонымен қатар Ресей мен Германиядан мамандар келеді.

Еске салайық, 17 тамызда сағат 10.05-те «Қазақстан» шахтасында конвейерлік лента өртенді. Төтенше жағдай кезінде жер астында 227 кенші болған, оның 222-сі жер бетіне шығарылды. Қалған бес шахтер қаза болды.

Зардап шекккен 11 кенші Қарағанды облысының ауруханаларына жатқызылды.

Премьер-министр Әлихан Смайылов 19 тамызда «Қазақстан» шахтасына барды. Үкімет басшысы кеніштегі апатқа тікелей кәсіпорын иелері кінәлі екенін мәлімдеді.

«Қазақстан» шахтасының 672 кеншісі басқа кәсіпорындарға ауыстырылды.