«Қазақстан» шахтасының 672 кеншісі басқа кәсіпорындарға ауыстырылды

Қарағанды облысында өрт болған «Қазақстан» шахтасының қызметкерлері басқа кәсіпорындарға ауыстырылды. 

Бұл туралы облыстық әкімдіктің аппарат кеңесінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының орынбасары Сергей Огай мәлімдеді.

Аппарат кеңесі бір минут үнсіздіктен басталды. Мемлекеттік қызметшілер «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында өрт кезінде қаза болған кеншілерді еске алды.

Сергей Огайдың айтуынша, шахтада өртті оқшаулауға кіріскен.

Бүгінгі таңда шахтаның 672 қызметкері көмір департаментінің басқа кәсіпорындарына ауыстырылды. Қызметкерлерден шахтаның тіршілігін қамтамасыз ету және әскерилендірілген құтқарушылардың жұмысына көмек көрсететін адамдар ғана қалды, – деді Сергей Огай.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өрт басталған уақытта 222 шахтерді жедел эвакуациялаған құтқарушылардың еңбегін айтып өтті.

Өкінішке қарай, бес кенші қаза болды. Компания қаза болғандардың отбасылары алдында міндеттеме алды. Барлық қажет төлем жасалады. Апатты тергеу жөніндегі комиссия құрылды, оның құрамына барлық жауапты мемлекеттік орган кірді, – деді облыс басшысы.