СҚО-ның Есіл өзенінде балық қырылды

Солтүстік Қазақстан облысы Сергеев су торабының төменгі бөлігінде орналасқан Есіл өзенінде балық қырылды.

Бұл туралы СҚО экология департаменті хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнына экологтар, Есіл бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Шал ақын ауданының ветеринария қызметі, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы барды.

Есіл өзенінің жағалауы тексеріліп, комиссия балықтың нәлім мен көксерке түрінің шамамен 30-40 келісі қырылғанын анықтады. Экология департаментінің қызметкерлері су сынамаларын, ал ветеринария қызметінің мамандары зертханалық зерттеулер жүргізу үшін балықтардың өлексесін алды. Жергілікті атқарушы органдар санитарлық нормаларды сақтай отырып, қырылған балықты жинап алып, жойды, — делінген хабарламада.