12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай Батыс Қазақстан облысы жастарының «JAIYQ JASTARY» фестивалі Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында мәреге жетті.
Талантты жастар мен үздік ұжымдарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетінің артуына жағдай жасау, облыс жастары арасында достық байланыс орнатуға бағытталған фестиваль өңірде алғаш рет өткізілді.
Фестиваль мақсаты — өңір жастарын біріктіріп, жаңа қазақстандық патриотизмге, ұлтаралық толеранттылық пен рухани келісімге тәрбиелеу; талантты жастардың мәдени, рухани дамуына, білім мен тәрбиесінің жетілуіне, шығармашылық өсуіне жағдай жасау, жастар шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру арқылы оларды тек сапалы маман ғана емес, жан-жақты, ұлтжанды тұлға қалыптастыру болып табылады.
Он күнге созылған фестивальді қорытындылау кешінде 13 аталым (шағын футбол, эстрадалық ән (заманауи және патриоттық) бағыттары бойынша, дәстүрлі ән, волейбол, киберспорт, үздік ақын, тоғызқұмалақ, үздік аспапта орындау, сурет салу өнері, хореография, үстел тенисі, қазақ күресі, садақ ату) бойынша облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов жеңімпаз командаларға дипломдар мен статуэткалар табыстады. Фестивальдің жалпы жүлде қоры 1 000 000 теңгені құрады.
Сайыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық 1-ші орынды Жаңақала жастары жеңіп алса, екінші және үшінші орындарды Теректі және Казталов аудандарының жастары иеленді.
Салтанатты шарада облыс жастары, қатысушы командалар, сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар: «Дала арландары» өнер ұжымы, «Ракета» өнер ұжымы, DD Records студиясының жұлдыздары (Алина Герц, Miko, Zhenis), т.б. өнер көрсетті.
