Атырауда жылу-электр орталығының маңында өрт шықты

Атырауда жылу-электр орталығының аумағындағы иесіз нысанның шатыры өртенді. Бұл туралы Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы хабарлады.

Бүгін, 7 тамызда жергілікті уақытпен сағат 14.00-де Атырауда орналасқан Оңтүстік өндірістік аймақ мекенжайындағы ауладан түтін шыққаны жөнінде хабар түсті. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері оқиға орнына жедел аттанды. Өртті сөндіруге алты қызметкер мен бір техника тартылды. Өрт сағат 15.03-те оқшауланды, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 31 шілде мен 6 тамыз аралығында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне 58 рет шақырту түскен. Соған байланысты құтқарушылар төтенше жағдайды жоюға және адамдарды құтқаруға шыққан.

Құтқарушылар бір аптада алты рет жалынды сөндіруге, 34 рет өрт санатына жатпайтын жануға, төрт мәрте авариялық құтқару, сегіз рет іздестіру жұмыстарына барды. Тоғыз адам, оның ішінде үш бала қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Алдыңғы аптадағы дерекпен салыстырғанда, шақыртуға бару көрсеткіші 87%-ке өскені байқалып отыр, — делінген хабарламада.