Мектеп кітапханашыларына «педагог» мәртебесі берілуі мүмкін

Үкімет мектеп кітапханашыларының мәртебесін көтеру үшін оларды «педагог» лауазымына теңестіру мәселесін қарастырады.

Бұл туралы вице-премьер – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Қазіргі таңда үкіметтің «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын бекіту туралы» қаулысында «педагог-кітапханашы» лауазымы қарастырылмаған.

Осыған байланысты білім беру ұйымдарындағы кітапханашыларды «педагог» лауазымына теңестіру мәселесі жан-жақты зерделеніп, пысықталады, — делінген жауапта.

Кітапханашылар «педагог» лауазымына теңестірілген жағдайда, «Педагог мәртебесі туралы» заңда қарастырылған барлық норма, соның ішінде аттестаттация да оларға қатысты болады.

Жалпы Қазақстанда 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адам болып отыр.

Сонымен қатар Тамара Дүйсенованың жауабында биылғы оқу жылына «Кітапхана ісі» мамандығына 100 грант бөлу жоспарланып отырғаны айтылған. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75%-ке жоғары.