Димашпен тіл табысу жеңіл болған, себебі екеуін тек полиция емес, боксқа әуестігі де байланыстырған.
«Суреттегі Димаш басқа, өмірде тым басқа. Онымен тіл табысу оңай екен. Нью-Йорк полицейлері заң бұзушылар мен басқаларын қорқытуды мақсат етпейді. Арнайы киім киген адамдар өмірде күлімдеп жүріп, жұмыста қатал болады. Барлығы бекітілген ережеге сай әрекет етіп, одан жалтаруды ойламайды. Онда тәртіп қатаң. Мысалы 23.00-де жұмысқа шығу керек болса, ондағы полицейлер 22.55-те сақадай сай тұрады. Артық ауыз сөз жоқ, ешқандай үзіліссіз, ережеден жалтару жоқ», — дейді Шымкент қаласының ЖПҚ басшысы Данияр Мейірхан.
Шымкент қаласының полиция басшысы америкалық әріптесінің қазақстандық жол-патрульдік полиция қызметінің істейтін жұмысын атқаратынын айтып отыр. Нью-Йорк полицейлері нұсқаулықтар бойынша әрекет етеді.
«Онда қызметкерлер заң бұзушыларға ереже бойынша ғана барады. Біріншісі жүргізушінің оң жағынан барады, ал екіншісі көрінбестен сол жағынан шығады, мұның барлығы олардың қауіпсіздігі үшін жасалған. Олардың материалдық-техникалық жабдықталуы туралы ерекше айтып өткім келеді. Кез келген патрульдің тұрғындардың базасы тіркелген құрылғысы бар. Саусақ іздері арқылы санаулы минуттар ішінде өздері тоқтатқан адамның кім екенін біліп отырады. Осыдан кейін олар заң бұзушыға қандай шара қолдануға болатынын ойластырады», — дейді Данияр Мейірхан.
Екі құрлықтың полицейлерінің кездесуі екі сағаттан аса уақытқа созылған. Осы уақыт ішінде олар жұмыс тәртібін, жалақы, қызмет барысындағы шарттар туралы әңгімелескен. Екі тарап та өз елінде құқық қорғау органдарының ел алдындағы беделі туралы және сол мәселені қалай дамыту туралы сөз еткен.
«Енді еңбек демалысы уақытында Нью-Йорк қаласына баруға тырысамын, Димаш мені америкалық әріптестерімнің жұмысын өз көзіммен көруге шақырды. Шетелдік тәжірибені қолдану — өте тиімді. Бір жыл бұрын мен Германияда болып, ондағы полицейлердің жұмысын көрдім. Енді құрама штаттардағы полицейлердің жұмысын көрсем деймін», — дейді Шымкент қаласының ЖПҚ басшысы.
Полицейлер әлеуметтік желі арқылы хабарласып тұрады екен. Шымкенттік полицей америкалық әріптесіне ҚР ІІМ елтаңбасы бар қалам сыйға тартты.