«Әке мен бала» айдарының бүгінгі қонағы — режиссер және киносценарист Мұрат Есжан. Baribar.kz Мұрат Есжанның үйіне барып, отбасымен танысып, бала тәрбиесінде қандай қағидаларды ұстанатынын біліп қайтты.

Мұрат Есжан мен жары Айсәуле Әбілда үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Балалар бізбен амандасып, екінші қабатқа шығып кетті. Осыдан соң олардың ата-анасымен еркін әңгімелесу мүмкіндігі туды. Мұрат Есжан бала тәрбиелегенде арнайы қағидалар тізімім жоқ дейді. Бірақ әр баланың өзіндік менін өшіріп алмау керек дегенді ұстанады екен.

«Балаға шектеулі еркіндік беру керек»

Төрт балам бар, үлкені — Дінмұхамед, 13 жаста. Екінші ұлымыз Махамбет 11 жаста. Қызымыз Мәриям жақында сегізге толады, кенжеміз Мәди төрт жаста. Шынымды айтсам, бала тәрбиесінде нақты бір нәрсеге мән беремін деу қиын. Біз үшін бастысы — балалардың махаббатқа шомылып өскені, өзіндік менін жоғалтпай, тұлға болып қалыптасқаны. Еркін өсуі үшін бар жағдайды жасағымыз келеді. Бірақ ата-ана ретіндегі нағыз жауапкершілікті де осы еркіндікті бергенде сезінеді екенсің. Себебі еркіндік баланың бар қалауын орындау деген сөз емес. Бала еркіндігі үшін жауапкершілік сезіне алуы керек. Қиыны да сол ғой. Тізгінді тартамын деп, баланы жасытып алуың мүмкін. Оның менін жоғалтып алуың мүмкін. Ал өз еркіне қоя берсең, еркелікке, ойыма келгенді істеуге болады деген шолжаңдыққа ұласып кетпеуін қадағалау керек, — дейді ол.

Мұрат Есжан
Мұрат Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұрат Есжан ата-ана тәрбиеші емес, тек бағыттаушы деген тұжырымды ұстанады. Себебі ол бала бөлек тұлға болып туады деп біледі.

Меніңше, ата-ана баланы қолдан жасай алмайды. Бала тұлға болып қалыптаспайды, ол дүниеге онсыз да бөлек тұлға болып келеді. Алдыңғы екі баламыз тете өсті. Қарап тұрсаңыз, екеуі бір әке, бір шешеден туған. Бірдей әлеуметтік жағдайда өсті. Бірдей адамдардың тәрбиесін көріп, махаббатқа да бірдей шомылса да, екеуі екі түрлі адам болып өсіп келеді. Демек, ата-ананың басты міндеті — балаға жол көрсету, бағыттау, білмегенін үйрету ғана, — дейді режиссер.

Режиссер бағыттаушы әке рөлін түсіндіру үшін бір мысал келтірді. Ол осылай балаға жастайынан әр шешімі үшін жауапкершілік сезінуді үйретуге болады дейді.

Ұлдарымыз 1,2-класты АҚШ-та оқыды. Сонда мұғалімі айтқан жақсы бір кеңесі есімде қалып қойыпты. Балаға еркіндік беру керек, бірақ шектеулі еркіндік беру керек. Кітапханаға бару немесе аулада ойнау деген таңдау тұратын болса, баладан «Бірінші кітапханаға барып, сосын ойын ойнайсың ба, әлде ойын ойнап, кейін кітапханаға барасың ба?» деп сұрау керек. Демек, таңдау ұсыну керек, бірақ таңдау нұсқаларын ата-ана сұрыптауға тиіс. Мұндайда бала бір жағынан өз бетінше шешім қабылдауды үйренеді. Бұл да оның жеке «менін» нықтай түседі, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұрат Есжан баланың қандай тәрбие көретіні нешінші бала болып дүниеге келгеніне де байланысты дейді. Ол көп ата-ана бірінші сәби дүниеге келгенде тәжірибесі болмаған соң, абдырап қалатынын айтады.

Әр бала жаңа тәжірибе сыйлайды. Әр баланың несібесі болады дейміз ғой. Сол сияқты әр баланың тәрбиедегі несібесі де әртүрлі болады деп ойлаймын. Бірінші бала туғанда ата-ананың тәжірибесі болмауы мүмкін. Есесіне екінші баланың фотоальбомы болмайды. Ортаншы баланың тілі қашан шыққаны туралы жазбалар да болмауы мүмкін. Ортаншылар әдетте өз бетінше өсе береді. Бірінші бала туғанда тәжірибе болмағандықтан, теориялық білім алып, жан-жақтан ақпарат іздеуге тырыстық. Бірақ уақыт өте келе көп нәрсе кітаптағыдай бола бермейтінін түсіндік. Мұндайда әр нәрсені өз ағысымен жіберген дұрыс екен ғой деп ойладық. Көп ата-ананың ортаншы балада еркінситіні де осыдан сияқты, — дейді режиссер.

Режиссердың өзі де кейінгі жылдары тұңғыш баласы мен басқа балаларды тәрбиелегенде біршама айырмашылық болғанын байқаған. Бұл туралы ол кенжесі Мәди дүниеге келген соң ойлана бастапты.

Тұңғышымыз бір жарым жасқа толғанда Махамбет дүниеге келді. Сосын біз Димашқа бірден үлкен адамға қарағандай қарай бастадық. «Мынау кішкентай, сен жыламауың керек, үлгілі болуың керек» деп, қатты бұзық болса, бұрышқа тұрғызу дегенге дейін бардық. Қатты еркелесе, ойыншығын бермей қойып та көрдік. Екінші бала туған соң, Димаш бірден есейіп кетті, үлкен деген ой пайда болды. Қазір кенжеміз бес жаста болса да, әлі сәби болып көрінеді де тұрады. «Ол әлі кішкентай, оған бәрі бола береді» дейміз. Бірақ ойланып қарасақ, Димашқа тіпті кішкентай кезінде түрлі жауапкершілік артқан екенбіз. Баланың тәрбиедегі ризығы деген де осы ғой. Әр баланың тағдыры бөлек. Бәрібір бірінші балаға қолданған тәрбиелеу тәсілі екінші балаға келмейді. Демек, әр бала өз жолын жүріп өтуі керек. Оның үстіне үлкеніміз Димаштың «ата-әжесінің баласы» деген артықшылығы болды. Ата-әжесі бүкіл еркелігін көтеріп, Димаш басқа балалар көрмеген махаббатқа шомып өсті. Қазақ отбасыларындағы бірінші бала болудың осындай да артықшылығы бар. Бұл әділетсіздік емес, табиғи баланс деген дұрыс сияқты, — дейді ол.

«Балалар арасындағы жауапкершілікті жасына қарай бөлмейміз»

Балалар фотоға түсеміз дегенді естіп, әдемі киімдерін киюге тырысып жүр. Әңгіме арасында бөлмеге Махамбет кіріп, қай жейдені киген дұрыс болатынын сұрап кетті. Таңдау жасауға көмектескен соң, әкесі балалар арасындағы жауапкершілікті қалай бөлетінін айтып берді.

Меніңше, балалар нешінші болып туғанына кінәлі емес. Сондықтан жасына қарай жауапкершілік артып қойған да қате болар. Балаларымыздың үнемі әділдікті талап етіп тұратыны да бар. АҚШ-та болып, еркіндік дәмін сезгеннен кейін, демократияның не екенін жақсы түсінеді, үйде де соның болуын талап етеді. Қандай да бір тапсырма берілгенде, «Неге мен?» деп сұрағандарын да қате деп есептемеймін. Бірақ төртеуін бірге бір жаққа жіберетін болсақ, «Димаш, сен үлкенісің ғой, бауырларыңа қарайлай жүр» дейміз. Себебі оның жасы үлкен екені және тәжірибесі аз да болса, бар екені рас, — дейді ол.

Режиссер балаларға тапсырма бергенде жасына қарағанда, әр баланың икеміне, мінезінің ерекшелігіне қарай бөлгенді жөн санайды. Ол мұндай тәсіл баланың тұлғалық дамуына оң әсер етіп, қабілетін ашу үшін тиімді дейді.

Екінші ұлымыз Махамбет ерте тұрғанды жақсы көреді. Өзі шаруаға ықыласты. Не істеп жүргенімізді, қандай жоба жасап жүргенімізді білгісі келіп тұрады. Мүмкін болса, сол жобалардың бюджетіне дейін біліп алғысы келеді, оған бәрі қызық. «Сіздер осы қанша аласыздар?» деген сияқты сұрақ қоюы мүмкін (күліп). «Мына нәрсені супермаркеттен алған дұрыс па, әлде базардан алған тиімді ме?» деген сұрақтар қойып отырады. Мұндай тақырыптар ол үшін қызық әрі жеңіл. Сондықтан үйдегі аулаға су шашу, үй жинау деген сияқты үй тірлігін қиналмай тапсыра аламыз. Ал Димашқа, керісінше, «бауырларыңа үйрет, кітап оқып бер» деген сияқты тапсырмаларды орындаған жеңіл. Бұл оның жас ерекшелігіне қарай берілген тапсырма емес, Димаштың осы қабілеті өте жоғары, өзі ақпаратты жеңіл қабылдайды. Басқаларға да жақсы түсіндіре алады, — дейді әкесі.

Мұрат Есжан
Мұрат Есжан және қызы Мәриям. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Осыдан соң Мұрат аға сәл кідіріп барып, қызы жайлы сөйледі. Мәриям жайлы айтқанда жүзі мейірлене түсті. Даусы да өзгеріп, біршама еркін сөйлей бастағандай көрінді.

Қыз баланың тәрбиесі мүлде басқа. Қыздардың жүрегі өте нәзік болады, мұны ескермеске болмайды. Тіпті жұмыстан келгенде де бірінші соны құшағыңа алмасаң, ренжіп, көңіліне алып қалады. Қыз деген көңілшек келеді, тез жылап қалады. Сондықтан қыз баланың тәрбиесінде сол нәзік табиғатты қолдан келгенше ескеру керек деп есептеймін. Қазақ қашаннан қыз баланы төрге отырғызып, ерекше ықыласқа бөлеп өсірген ғой. Өзім де соны ұстануға тырысамын. Бірақ тағы АҚШ-тың үлесі болар, балалар арасында гендерлік теңдік таластары қазірден болып тұрады. Мәриям «Неге үйді тек мен жинауым керек?» деп еркін сұрап, қарсы шыға алады. Сондықтан қыз болған соң үй жинауың керек, ұл болғаның үшін жылауға болмайды деген қағидадан аулақ болуға тырысамыз, — дейді ол.

Осы тұста әңгімеге Мұрат Есжанның жұбайы Айсәуле қосылды. Ол балаларының қазірден жеке шекарасын қорғай білгені өте дұрыс деп біледі.

Айсәуле Әбділда, Мұрат Есжан
Айсәуле Әбілда. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Өз басым адамның жеңе кеңістігін, жеке шекарасын құрметтеу дегенді берік ұстанамын. Сондықтан да болар, балалардың алды енді 13 жасқа келсе де, жеке шекарасын қорғай алады. Қоғам ретінде көпшіл, социал қоғам болып қалыптасқан шығармыз, бірақ мұның кемшіліктері де бар ғой. Балаға оның құқығы келесі біреудің құқығы бұзылған жерден тоқтайтынын түсіндіре алуымыз керек. Былай қарағанда баланы біреудің құқығын бұзбастан, өз құқығын қорғауды үйрету арқылы сау қоғам тәрбиелеуге болады. Сонда ата-ана да кейін баласы үшін алаңсыз өмір сүре алады. Бірақ жеке шекарасы барын үйреткенде, баланың менмен, өзімшіл болып кетпеуін де қадағалау керек, — дейді ол.

«Арнайы «отбасы күнін» бекіткенді құп көрмейміз»

Есжан отбасы бос уақытында бірге кітап оқиды, түрлі интеллектуал ойын ойнайды. Ата-анасы үйде болмаса, балалар бір-біріне кітап оқып береді екен.

Мәди Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мұны тұрақты әрі жиі жасаймыз дей алмаймыз. Мінсіз отбасы емеспіз. Бірақ қолдан келгенше уақыт тауып, төрт баланың басын қосып, пайдалы іспен айналысуға тырысамыз. Үлкендеріміз өздері-ақ кітап оқи береді. Мәриям да өзі оқи алады, бірақ біздің оқып бергенімізді жақсы көреді. Мұны еркелік емес, қызымызбен бірге уақыт өткізудің амалы деп қараймыз, — дейді Мұрат Есжан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл үйде неше түрлі үстел ойыны барын байқадық. Мұрат Есжанның айтуынша, бұл балалардың сауатын ашу үшін де өте пайдалы.

Арнайы «отбасы күнін» бекіткенді құп көрмейміз.  Біз үшін әр күн отбасы күні деуге болады. Күн сайын бірдеңелер ұйымдастырып тұрғанды жөн көреміз. Тамақ ішіп болған соң залда жиналып, интеллектуал ойындар ойнап тұрамыз. Үйде үстел ойынының түр-түрі бар. Жақында бір карталар сатып алдық. Аз уақыт ішінде балалар көп елдің туын жаттап алды. Телефоннан «Миллион кімге бұйырады?» деген ойынды ойнағанды жақсы көреміз.

Мұрат Есжан
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мұрат Есжан, Мұрат Есжан отбасы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бірақ, тағы айтамын, мұны үздіксіз жасаймыз дей алмаймын. Қолдан келгенше… Бірге киноға, театрға барып тұрамыз. Кейінгі рет «Супер Марио» фильміне бардық. Бірақ киноға бірге көп бара бермейміз. Себебі Махамбет пен Димаш орысша көрмейді, олар үшін арнайы ағылшын тіліндегі түпнұсқа көрсетілетін кинотеатр іздейміз. Мәриям мен Мәди, керісінше, ағылшынша сеансқа кірмейді. Сондықтан кейде солай бөлініп жатамыз. Отбасымызды ортақтастыратын, біріктіретін нәрсе — қазақ тілі. Ал прокаттағы көп шетел туындысының қазақшасы жоқ. Отандық кинофильмдердің сапасы тым нашар, сондықтан оларды көруге мүлдем бармаймыз. Балаларды әзірге жолатпаған дұрыс деп есептеймін, — дейді режиссер.

Мұрат Есжанның балалары
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Балалармен таныспақ болғанда Махамбет бірден сөз бастады. Кейінгі оқыған кітабы туралы айтып беруге асықты.

Мұрат Есжан
Махамбет Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Үйдің ортаншысы болған қызық. Ағаңды үлкен деп сыйлауың керек. Кішкентай ғой деп, бауырыңа ізет көрсетуің керек. Сондайда «Мен ше?» деп қаламын. Бұл ойымды ата-анама да айтып, неге тұңғыш перзенттер мен кенжелері жайлы көп айтылады, фильмдер мен ертегілерде де тек солар туралы жазылады деп ренжігем. Сосын әкем «Ортаншы ұл» деген кітап әкеліп берді. Оны оқысам, ата-анасы үлкен ұлын үлкені деп, кенжесін әлі кішкентай деп, біреуге асырауға ортаншы ұлын беріп жібереді екен. Ол да бір жетіспеген туынды екен, — дейді Махамбет.

Бәріміз күліп алдық. Дінмұхамед Щучинскідегі Білім-инновация лицейінде оқиды. Жазғы демалысқа үйге келіпті. Қазір ол да кітап оқып жатыр.

Мұрат Есжанның ұлдары
Дінмұхаммед Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жазғы демалысты пайдалы өткізу үшін телефонымызды ата-анамызға өткізіп, кітап оқып жүрміз. Әр кітапты бітірген сайын бір күнге телефон қолдануға болады. Мен «Ұшқан ұя» кітабын бітіруге таядым. Мәриям мен Мәдиге де балаларға арналған кітаптарды оқып беріп жүрмін, — дейді ол.

«Балалар тартысып қалғанда, ортасына түскім келмейді»

Әңгіме арасында Мәриям мен Мәди кішкентай орамалға таласып қалды. Айсәуле жүгіріп келіп, бірден Мәриямға басқа орамал беріп, мәселені шешті.

Мәриям Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мәди Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көпбалалы болған соң, мұндай бұзықтықсыз болмайтын сияқты. Әсіресе, Махош пен Димаш тете өсті, аралары бір жас. Бірақ бала болған соң, ойнап, таласып өскенінде тұрған ештеңе жоқ деп ойламын. Ондайда міндетті түрде біреуін ақтап, кейін сол шешімің үшін өзің ақталуың керек болады. Сол үшін ортасына түскім келмейді. Араласпасаң, өздері-ақ екі минутта бірдеңе ғып шешіп, қайта ойнап кетеді ғой. Бірақ кейде бала болған соң ашумен, эмоциямен бір-бірін қылқындырып, жастықпен ұрып қоюы да мүмкін. Мұндайда, әрине, араласып, бірден күш қолданудың қате екенін түсіндіреміз, — дейді Айсәуле Әбілда.

«Әйелдер бала туған соң көбіне мансабынан бас тартады»

Мұрат Есжан бала туған соң жұбайы екеуінің ата-анасы көп көмектескенін айтады. Сондықтан бала туған соң жас ата-ана қатты абдырап қалмаған екен.

Бала дүниеге келіп, көп адам әйтеуір бірнәрседен бас тартуы керек болып жатады ғой. Жұптың бірі жұмыстан шығып, бала тәрбиесімен айналысуы керек болуы мүмкін. Ал біздің ата-анамыз үнемі қасымызда болды. Тіпті АҚШ-та оқып жүргенде Айсәуленің ата-анасы да бізден кейін көшіп келіп, бала қарауға көп көмектесті. Кәсіпте жолымыз болғаны мен 30 жасқа келсек те, білім алуға мүмкіндігіміз болғанының басты себебі — ата-аналарымыздың қолдауы мен қамқорлығы шығар, — дейді ол.

Айсәуле Әбілда да ата-анасының арқасында мансаппен айналысу мүмкіндігі болғанын айтады. Ол осыған қатысты жақында оқыған мақаласы туралы айтып берді.

Айсәуле Әбділда және Мұрат Есжан
Айсәуле Әбілда және Мұрат Есжан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бір зерттеуді оқып, «Құрбандық теориясы» дегенді түсініп едім. Онда ерлер көбірек жетістікке жететіні жазылған. Себебі көбіне әйелдер мансап пен білім алудан бас тартып, бала тәрбиесімен үйде отырып қалатын көрінеді. Бірақ мұндайда ерлердің де жолы болды деп сенімді айта алмаймыз. Біздің қоғамымыз саясаткер, жазушы, ақын және басқа белді қайраткерлерді «Баласы қазақша білмейді» деп сынап жатады. Ондай адамдардың баласы әдетте тәртіпсіз болып шығып, көшеде түрлі бұзақылық жасап ұсталатыны да бар. Сосын халық «Әкесі қайда қараған?» деп оңдырмай сынайды.

Айсәуле өзі ана болғалы мұндай сынға басқаша қарай бастағанын айтады. Себебі өзі де бір күні сондай сынға ұшыраймын ба деп қауіптенеді.

Өз басым мұндай адамдарды бұлай жалпылама сынағанға қарсымын. Әлихан Бөкейханның ұрпағы орыстанып кеткен деп жүргендер де көп. Әлихан Бөкейхан өз заманында халқы үшін артығымен еңбек етті, бере алғанын берді. Енді ғасырлар өткен соң, оның ұрпағынан да сондай еңбекті талап етуге қандай құқымыз бар? Ол баласымен өткізетін уақытында жұмыс істеп, ел үшін түрлі қатерге бас тікті. Оның орнына баласына кітап оқып беріп, бір артық сағат құшақтап, қазақша үйрете алар да еді. Қазір өзіміз бала өсіріп отырған соң, осы сынды қатты көңіліме алатын болыппын. Адамның тұлғалығын баласына қарап сынауға болмайды. Ата-анамыз болмаса, біз де балаларымыздың тәрбиесін құрбан етіп алар ма едік. Сосын балалар орысша шүлдірлеп жүруі мүмкін еді. Оның үстіне ата-әжесінің қолында өскендіктен, балалар бес жыл АҚШ-та тұрса да, елге қазақы тәрбиемен, қазақша сөйлеп оралды. Бұл оңай дүние емес, — дейді ол.

Осыдан соң барлығы отбасылық фотоға түсу үшін аулаға шықты. Балалар жиналғанша, Мұрат Есжан бала тәрбиелеудің басты кілті тіл екенін айтып, әңгімесін жалғады. Сондықтан ата-аналарға бала тәрбиесін телефонға табыстап қоймауға кеңес берді.

Негізі тіл бала тәрбиесінің басты құралы ғой. Қазіргі күні барлық ата-ананың мойнында үлкен жауапкершілік тұр. Кейінгі жылдары туған көп баланың тілі орысша шығып жатыр. Содан отбасылар тек сол кішкентайға ыңғайлану үшін орысша сөйлеп кетіп жатыр. Шыны керек, біздің отбасы да қыл ұшында тұр. Мәдиді балабақшаға бергенде көп іздеп, тәрбиешілердің, сол бақшаға баратын балалардың қазақша сөйлейтін болғанына қатты мән бердік. Үйде де тек қазақша сөйлесеміз. Бірақ бір сәт қарамай қалып, баланы еркіне қоя беріп, тәрбиесін телефонға табыстасаң, бала сол сәтте-ақ тілді ұмытып қалуы мүмкін. Ал болашақ тұрғысынан қарар болсақ, бұл ұлт үшін үлкен қауіп деп білемін, — дейді Мұрат Есжан.

Мұрат Есжан
Есжан отбасы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бақшада фотоға түсіп болған соң, балалар қайтадан ойын киімдерін киюге үйге кіріп кетті. Бізді олардың ата-анасы шығарып салды.

***

Тағы оқыңыз:

Жазушы Бейбіт Сарыбай: Балаларым мінезімді өзгертті