30 тамыздан бастап ереже бұзған электросамокаттар айып тұрағына қойылады

22 маусымда сенат «Жол қозғалысы туралы» заңның жаңа редакциясын мақұлдады. 29 маусымда заңға президент қол қойды. Құжат алғаш ресми жарияланғаннан 60 күн өткен соң, яғни 30 тамызда күшіне енеді.

Жаңа заң бойынша тамыздың соңынан бастап электросамокаттардың қозғалысына қатысты қолданылатын шаралар өзгереді.

Заңда  электросамокатқа «жоғары жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспайтын көлік құралы» деген анықтама берліген. Енді олардың қозғалысы үшін де тиісті орындар белгіленеді. Сонымен қатар самокат жүргізушілеріне шектеулер қойылады.

Жаңа заң бойынша шарттар мен ережелерді сақтай отырып:

— электросамокатпен жолдың жүріс бөлігінің оң жақ шетімен жүруге рұқсат етіледі;

— жүргізуші 18 жасқа толған болуы керек;

— көлік құралын басқаруға құқық беретін кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы шарт;

— шлем кию міндетті.

— қараңғы уақытта басқа көлік құралдарының жүргізушілеріне көрінуі үшін самокатқа жарық түсіретін белгілер орнатылуы қажет.

— тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолымен сағатына алты шақырымнан аспайтын жылдамдықпен жүру шарт;

Ережені бұзған электросамокат жүргізушілеріне әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне және жол қозғалысы ережелеріне сай жаза қолданылады, яғни, талапқа қарсы шыққан жүргізушілердің самокаты айып тұрағына қойылуы мүмкін.