Туризм саласында 83 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр

Қазақстанда туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында 83 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Олардың барлығында жобалық-сметалық құжаттама бар.

Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Табиғатты қорғау аумақтарын қамтитын жобалар, атап айтқанда Имантау-Шалқар курортты аймағында автожолдар салу және реконструкциялау, сонымен бірге Жасыбай көліне дейінгі ұзындығы 15 километр кірме жолды орташа жөндеу жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жағажай демалысының танымалдығының артуын ескере отырып, маңызды жобалардың бірі — Абай облысындағы Алакөл көлінің жағалауын нығайту жұмыстары және Балқаш қаласындағы Бертіс шығанағының жағалауын абаттандыру. Тиісті қаржыландыру болған жағдайда, бұл жобаларды іске асыру жақын арада жоспарланып отыр.

Жүргізіліп жатқан жұмыстар елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік инфрақұрылымды жақсартуға арналған. Елдімекендерден тыс жерлерде және ұлттық парктер аумағында инфрақұрылымды дамытудың түйінді мәселелерін шешу мақсатында әкімдіктерге тиісті құзырет беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.

Былтыр 28 жоба аяқталды. Олардың ішінде Балқаш курортты аймағында инженерлік коммуникация салу және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автомобиль жолын салу аса маңызды. Үшарал мен Үржардағы әуежайлардың іске қосылуы айтулы оқиға болды, ол еліміздің әуе тасымалы мүмкіндіктерін кеңейтті.