Қазақстанда нашақорлықпен күреске 53 миллиард теңге бөлінеді

Қазақстан үкіметі нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті.

Құжат президенттің 2022 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» жолдауында берілген тапсырмаларды орындау аясында әзірленді.

Елде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сонымен қатар «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр.

2025 жылға дейін есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-тен 20%-ке дейін арттыру, сонымен бірге есірткі тұтынушыларды 26%-тен 30%-ке дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жоспарланған.

Кешенді жоспарда аталған шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 миллиард теңге бөлу қарастырылған.