Қазақстанның Канададағы елшісі тағайындалды

Дәулетбек Құсайынов жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының жарлығымен Дәулетбек Құсайынов Қазақстан Республикасының Канададағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі лауазымынан босатылды, — делінген хабарламада.

Дәулетбек Құсайынов 1977 жылғы 17 мамырда Солтүстік Қазақстан облысында туған.

Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін, Еуразия гуманитарлық институтын және Стирлинг университетін бітірген. Еңбек жолын 1998 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде неміс тілі кафедрасының оқытушысы болып бастаған.

1999-2000 жылдары ҚР қоршаған ортаны қорғау министрлігінің ұлттық орнықты даму орталығының кеңесшісі болды. Дипломатиялық мансабын 2000 жылы ҚР сыртқы істер министрлігінде көпжақты ынтымақтастық департаментінің атташесі лауазымынан бастаған.

2004 жылға дейін сол департаментте үшінші, содан кейін екінші хатшы болып жұмыс істеді. 2004-2008 жылдары Бельгиядағы ҚР елшілігінің үшінші хатшысы болды.

2008-2009 жылдары ҚР индустрия және сауда министрлігінің сауда келіссөздері департаментінде басқарма бастығы қызметін атқарған.

2009-2014 жылдары ҚР президенті әкімшілігінде сыртқы саясат орталығының кеңесшісі, инспекторы, сектор меңгерушісі, меңгерушісінің орынбасары болып жұмыс істеді.

2014-2017 жылдары – Ұлыбританиядағы ҚР елшілігінің кеңесші-уәкілі, ал 2017-2019 жылдары – АҚШ-тағы ҚР елшілігінің кеңесші-уәкілі.

Қазақстанның Канададағы елшісі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылғы қазаннан бастап ҚР президенті әкімшілігінің сыртқы саясат және халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі болған. II cыныпты төтенше және өкілетті уәкіл дипломатиялық дәрежеге ие.

Ағылшын, неміс, нидерланд тілдерін меңгерген.