Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты қамауға алынды

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының адвокаты Мұстахим Төлеев ұсталды. Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлады.

Ведмоство мәліметінше, экс-мәдениет және спорт министрінің адвокаты пара беруге итермеледі деген күдікке ілінген.

Антикоррупциялық қызмет тергеп жатқан қылмыстық істерді жедел сүйемелдеу аясында сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметке араласуға бағытталған аса ауыр жемқорлық қылмыстар жасалынғаны анықталды.

Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық жазасын жеңілдету және қамаудан босату сылтауымен қорғалушының жұбайынан сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 000 АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражат алған. Тергеу амалдары кезінде 255 000 АҚШ доллары көлеміндегі қаражат анықталып, тәркіленді. Қалған соманы ол өз қалауы бойынша жұмсағаны анықталды, — делінген хабарламада.

Экс-министрдің өкілі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Еске салайық, Мұахмедиұлы мен оның сыйбайластарына «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сонымен бірге «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлады және лауазымдық өкілетін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген болатын.

Тергеу материалдары бойынша, сотталушылар 221 миллион теңге жымқырған.

21 маусымда сот шешімі бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлы сегіз жылға бас бостандығынан айырылды.