ҰБТ-2023: ереже бұзған 273 талапкердің тест нәтижесі жойылды

Негізгі ҰБТ басталғалы түлектер жуықтап алғанда 267 мың рет тест тапсырған. Бұл туралы ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.

Оның ішінде талапкерлердің 76%-і қазақ тілінде, 24%-і орыс тілінде, 292 рет ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Ұлттық тестілеу орталығың мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды жалпы талапкеркердің 79%-і жинаған. Орташа балл 70 болды. Төрт адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады.

ҰБТ-ның аяқталуына бірнеше күн қалды. Жақында ғана грант тізімі жарияланды. Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грант. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 7 388 грант бөлінді.

Сонымен қатар «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант қарастырылған. Жалпы бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлінген.

Бүгінгі таңда 365 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 273 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің видеожазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.