Елімізде ғалымдар мен ғылымға қызығатын жастарды қолдайтын Galym Project деген қор бар. Оның құрылғанына бір жыл болды. Baribar.kz тілшісі қордың академиялық координаторы Жанболат Құмарханмен әңгімелесіп, қордың негізгі миссиясы мен құндылығын біліп қайтты.

Galym Project қандай жоба?

Galym Project — қоғамдық қор ретінде ашылған қазақстандық жоба. Оның координаторының айтуынша, қордың мақсаты — магистратурада, докторантурада оқитын студенттерді, ғылым саласына қызығатын жастарды қолдау, олардың ғылыми әлеуетін арттыру, ғылыми кластерлерді қалыптастыру, сонымен бірге ғылыми іс-шараларды ұйымдастыруға, ғалымдар арасындағы байланысты орнатуға көмектесу.

Елімізде ғылымды қолдайтын түрлі қор бар және олардың әрқайсының бағыты әртүрлі. Мәселен, Шахмардан Есенов қоры химия, биология, математика сияқты нақты ғылымдарға және сол салада жүргендерді қолдайды. Оған қоса олар жоба ұйымдастырып, арнайы грант бөледі. Ал Galym Project-тің ерекшелігі — бастамашылдыққа негізделетінінде. Біздің қор ғылымға қатысы бар кішігірім не үлкен бір жобаны, іс-шараны іске асырғысы келетін жастарға, ғылымға енді қадам басып келе жатқандарға көмектеседі, — дейді Жанболат Құмархан.

Жанболат Құмархан
Жанболат Құмархан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қор біреуге қаржылай, біреуге техника жағынан, енді біреуге байланыс, ақпарат жағынан қол ұшын созады.

Мысалы, бір адам іс-шара өткізуді жоспарлап отыр. Оған оны ұйымдастыруға команда, техника, кофе-брейкке, фотографқа, сертификаттарды шығаруға және тағы басқа көзге аса көрінбейтін, бірақ біраз шығынды талап ететін заттарға қаржы қажет. Міне, осындай кезде Galym Project көмекке келеді, — дейді ол.

Бүгінге дейін қор бірқатар семинар, конференция ұйымдастырғандарға көмектесіп үлгерді. Мысалы, Қыздар педагогика университетінде бір апта болған семинарға қолдау білдірген.

Қыздар педагогика университетінде Nazarbayev университетінің жоғары білім беру мектебінің профессоры Мэтью Кортнидің “Білім берудегі цифрлық зерттеу әдістері” деген семинары өтті. Іс-шараға магистранттар, докторанттар, оқытушылар қатысты. Семинар ағылшын тілінде болған. Ұйымдастырушылар кейбір қатысушының ағылшын тіліндегі ақпаратты түсінуге қиналатынын айтты. Galym Project оларға бес күн бойы ақпаратты тәржімалап беретін аудармашыны тауып берді, — дейді Жанболат Құмархан.

Оған қоса биыл 7-9 маусымда Сүлейман Демирель университетінде “Жауапкершілік пен этикаға негізделген зерттеу мәдениеті” ғылыми конференциясы өтті. Қор осы екі күндік конференцияның кофе-брейгін ұйымдастыруға қаржы бөлген.

Негізі конференцияға қатысу құны — 10 мың теңге. Ұйымдастырушылар оларды қолдағанымыз үшін бес адамға семинарға тегін қатысуға мүмкіндік берді. Біз әл-Фараби, UIB, Нархоз университеттерінде оқитын бес адамға сол іс-шараға баруға билет бердік. Олар қатысып, тыңдап қайтты. Осылай, ұйымдастырушыларға ақшалай көмектестік, ал конференцияға қызыққан тыңдармандарға тегін қатысу мүмкіндігін бердік, — дейді ол.

Сонымен қатар қор бейресми іс-шара да өткізеді. Соның бірі — 15 мамырда Алматы маңындағы тау баурайында ғалымдардың басын қосқан Science Retreat Almaty-2023 іс-шарасы.

UIB универсиеті, Нархоз университеті және Сүлейман Демирель университеті ғалымдарын жинап, тауда нетуоркиң жасадық. Онда олар бір-бірімен танысып, әрқайсы өзінің айналысып жүрген жобасын бөлісті. Бұл іс-шараға көп қаржы кетпеді, себебі ғалымдар бар шығынды өз мойнына алды. Біз жалпы ұйымдастыру процесіне жауап бердік, — дейді ғалым.

Фото Science Retreat Almaty-2023 іс-шарасынан

Қорда кімдер жұмыс істейді?

Galym Project негізін Сүлейман Демирель атындағы университеттің ғылым жөніндегі проректоры, профессор Қайрат Молдашев, Астана халықаралық университетінің бұрынғы проректоры Талғат Есжанов және InnoDent басшысы Бауыржан Айтуов қалаған.

Қорды осы үш кісі құрған. Бұған қоса жеті адамнан тұратын қамқоршылар кеңесі бар. Олардың бәрі — ғылым саласында жұмыс істейтін, докторлық деңгейі бар азаматтар. Оның бірі Қазақстанда, енді біреулері шетелде жұмыс істейді, — дейді Жанболат Құмархан.

Қордың директоры — Ерден Шаймардан. Ал Жанболат Құмархан академиялық координатор қызметін атқарып, ұйымдастырылатын барлық іс-шараның басы-қасында жүреді.

Ерден Шаймардан екеуіміз ғана парт-тайм негізінде істейміз. Негізі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия факультетінде дәріс оқимын. Оған қоса докторантураның ғылыми диссертация жұмысын жазып жүрмін, — дейді Жанболат Құмархан.

Жанболат Құмархан
Жанболат Құмархан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса қорда «тәлімгер бола аламын» деген  100-ден астам адам бар. Олардың бәрі — докторлық дәрежесін қорғаған, ғылым саласында жүрген адамдар.

Олар қорда істемейді, әрқайсының өзінің негізгі жұмысы бар. Ал біздегі жұмысы Қазақстандағы ғылым саласын арттыруға үлес қосу мақсатында ғана. Мысалы, бір түлекке университетке түсу үшін ұсыныс хат жазу керек немесе жетекшілік ететін шетелден профессор табу керек. Енді біреу зерттеу жұмысының тақырыбына қатысты бір ақпаратты табуға қиналады, білікті адамнан ақыл-кеңес қажет. Мұндайда, өкінішке қарай, кейде профессорлар бос бола бермейді. Кейбірі ақылы түрде көмек береді. Ал біздің «тәлімгер боламын» деген волонтерлар мүмкіндігі болса, осындай адамдарға көмектесуге әрдайым дайын, — дейді ол.

Galym Project қоры жобаларды қалай іріктейді?

Жанболат Құмарханның айтуынша, жобаның үш принципі бар: ашық болу, инклюзия және бастамашылдық. Қор көмек сұраған адамды жынысына, ұлтына, қайда оқитынына, лауазымына, мекеніне, ғылымдағы бағытына және тағы да басқа ерекшелігіне қарай бөлмейді.

Мысалы, сіз ғылымға қатысты кішігірім жобаны іске асырғыңыз келеді делік. Сол ұсыныңызды хат ретінде жазып, бізге жолдайсыз. Кейін қамқоршылар кеңесі ұсыныстың қаншалық маңызды әрі өзекті екенін қарастырады. Қоғамға, ғылым саласына пайдалы болса, барынша қолдауға тырысады. Мысалы, жақында бір кісі Youtube арнасында ғылым саласында видео-подкаст жазғысы келетінін айтты. Бізге оның идеясы ұнап тұр. Бұйырса, болашақта ол кісіге студия жалдап, жобаны жүзеге асыруымыз мүмкін, — дейді маман.

Қазіргі таңда Galym Project-тің көп қаржысы жоқ. Оларды қордың негізін қалаған кәсіпкерлер қаржылай қолдап отыр. Жанболат Құмарханның айтуынша, қор қаржысы көбейсе, олар Қазақстанның жас ғалымдарын қолдауды одан әрі арттырады.

Қазіргі жұмысымызға да көңіліміз толады. Дегенмен директор Ерден Шаймерденнің ендігі мақсаты — қорды қолдайтын инвесторлар табу. Қаржымыз көбейсе, ғылыми семинарларды қолдап қана қоймай, өз бетімізбен де ұйымдастырып, грант бөліп, түрлі жобаны қарастырамыз деген үміттемін, — дейді жоба координаторы.

Жанболат Құмархан. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстандық жастар ғылымға қаншалық қызығады?

Жанболат Құмархан Қазақстанда ғылымға қызығатын жастардың нақты санын айта алмайтынын жеткізді. Дегенмен Galym Project қорынан көмек сұрайтындар аз екенін де жасырмады. Оларға келетіндердің басым бөлігі әлеуметтік гуманитарлық бағыттағылар екен.

Біздегі ғылыми мирас Кеңес өкіметі кезеңінен қалған. Ең атақты профессорлар сол кезде жетілген. Ал Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі болон процесі бойынша оқытуды талап етіп отыр. Болон процесі — батыстың жүйесі. Кеңестік жүйеде жетілген адамдардың әдіснамасы, ғылыми зерттеу әдісі көп жағдайда бір-біріне сай келмей қалады. Екі ортада магистранттар мен докторанттар абдырап қалады. Өкінішке қарай, болон процесі бойынша оқытатын профессор аз. Бір жағынан професорларды да түсінуге болады: университеттің проблемасы бар, айлығы аз, қосымша жұмыс істейді. Осы бір сәйкессіздік реттелсе дұрыс болар еді. Біз, Galym Project, мемлекеттік бағдарламаға араласа алмаймыз. Біз тек қосымша көмек бола аламыз, — дейді ол.

Оның айтуынша, ғылым саласына қызығатындардың аз болуының бірден-бір себебі — қаржы мәселесі.

Өкінішке қарай, магистратураға төленетін сома бакалавриаттан аз. Ал капиталистік жүйе бойынша, қай жерде ақша көп болса, соған дұрыс мән беріледі. Докторантурада оқитындар 200 мың теңге шәкіртақы алады. Ал бұл күнкөріске жетпейді, сондықтан докторанттар жұмыс істеп, диссертация жұмысын жазуға ден қоя алмай жатады.  Бірақ министрлік  магистратураға бөлінетін қаржыны үш есе көбейтуді жоспарлап отыр. Магистратура — ғылымға баулитын өте маңызды кезең.  Болашақта университеттердің төлемақысы, магистранттардың шәкіртақысы артады. Енді магистратураға бөлінетін қаржы артса, оған салғырт қарау азаяды деген үміттемін. Оған қоса докторантураны бітіріп, бірақ ғылыми жұмысын жазып бітпегендерге де қосымша шәкіртақы беріледі. Мұның бәрі жас ғалымдарды да ынталандыратыны сөзсіз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz