Жаңа жоба. Ауыл балаларына IT саласын не үшін үйрету керек?

Арай Сабыржан мен Аяна Алмағамбет ауыл балаларына IT үйретуді қолға алған. Арай Google.com компаниясында, Аяна Booking.com компаниясында жұмыс істейді. Олар қазір шалғайдағы елдімекендерде тұратын балаларға арнап түрлі онлайн дәріс өткізіп жүр. Олар Baribar.kz тілшісіне жоба туралы және ауыл балаларына неліктен IT үйрету керек деп білетінін айтып берді.

Неге ауыл балалары таңдалды?

Арай мен Аяна — ауыл-аймақтардағы мектеп оқушыларына IT негіздерін онлайн үйретуді мақсат ететін жобаның авторлары. Қазір Аяна Нидерланд еліндегі Booking.com компаниясында, ал Арай Google.com компаниясында істейді. Олар шетелде тұратын қазақ IT-мамандардың қауымдастығы аясында танысқан.

Аянамен Digital Nomads қауымдастығының кездесулерінде таныстық. Кейінірек өзі хабарласып, ауыл-аймақтардағы балаларға IT үйреткісі келетінін, таланттарын ашқысы келетінін айтты. Бірге жұмыс істеуді ұсынды. Мен де қуана келістім, — дейді Арай.

Аянаның айтуынша, жобаның дәл ауыл балаларына бағытталғанының да өз себебі бар. Ол бұл идея студент болған жылдары пайда болғанын айтады.

Өзім Орал қаласынанмын. Республикалық физика-математика мектебін бітіріп, Назарбаев университетіне түстім. Математика факультетін бітіріп, түрлі зерттеумен айналыстым. Мамандығым — математика және статистика маманы. Студент болған жылдары түрлі қайырым, ағарту жобаларымен көп айналыстым.

Аяна Алмағамбет. Фото жеке архивінен

Сол кездері қазақ балаларының арасында білім саласында үлкен теңсіздік бар сияқты көрінетін. Балалармен жұмыс істей келе, қарапайым ауыл-аймақтардағы мектеп оқушыларының білімі, ойлау деңгейі мүлдем басқа екенін түсіндім. Ал БИЛ (Білім-инновация лицейі), НЗМ (Назарбаев зияткерлік мектебі) сияқты үлкен мектеп оқушыларының ойы мүлдем басқа, арманы, мақсаты тым биік. Бұған әсер ететін ең басты нәрсе білім екенін түсініп, қазақтың әр баласы мықты мұғалімнен тәлім алып, кейінгі ақпаратпен танысса, сапалы білім алып, жақсы нәрсені армандай алса ғой деген ой пайда болды. Бүгін болмаса, басқа бір күні осы ойды жүзеге асыратыныма сендім, — дейді ол.

Аяна қаланың балалары көп нәрсені армандай алғанымен, білім жағынан, талант бойынша үнемі ауыл балалары озық болады дейді. Ол өзі оқыған мектепте де ауыл балалары мықтырақ болғанын айтады.

Республикалық физика-математика мектебінде елдің түкпір-түкпірінен келген мықтылар оқитын. Сол кезде де ең талантты, ең мықты оқушы үнемі ауылдан келген балалардың ішінен шығатын. Қалада өскен балалардан гөрі шалғайдан келіп оқитын оқушылар есепке де, басқасына да жақсы болатын, алдына жан салмайтын. Бірақ бұл тек бағы жанып, қалаға оқуға түскен бірнеше бала. Демек, таланты ашылмай жатқан, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасы көп көңіл бөле бермейтін бала қаншама? Солардың талантын ашу керек деген ой пайда болды. Ауылды аймақтардағы мектеп оқушыларының көзін ашып, әлемде түрлі мүмкіндік бар екенін, IT саласы арқылы түрлі жетістікке жетуге болатынын, шетелде білім алу оңай екенін, тәжірибе алмасуға мүмкіндік көп екенін көрсеткіміз келді, — дейді Аяна.

Дәрісті кімдер оқиды?

Қыздар жобаны ерікті болып жүргізеді. Арай мен Аянаның сөзіне қарағанда, олар жобаға әзірге тек негізгі жұмыстан бос уақытта көңіл бөледі.

Тек бос уақытта көңіл бөле алатындықтан, әзірге толыққанды кірісіп кете алмай жатырмыз. Жеке сайт, жеке платформа жасап, арнайы білім беру жүйесін қалыптастырып үлгермей жатырмыз. Сол үшін әзірге IT саласында жетістікке жеткен мықты спикерлерді қонақ ретінде шақырып, онлайн дәрістер өткізуді қолға алдық. Қонақтарымыз — ауылдан шыққан, қарапайым мектепті бітіріп, әлемнің дамыған елдерінде, керемет офисте жұмыс істеп жүрген мамандар. Басты мақсат — бәрі мүмкін екенін ұқтыру, — дейді Арай.

Арай Сабыржан. Фото жеке архивінен

Жоба авторларының айтуынша, алғашқы қонақ-лекторлардың бірі Тимур Бектұр болған. Қыздар дәл осы дәріс оқушыларға ерекше қызық болды дейді.

Бұл кісінің дәрістерін тек оқушылар емес, IT саласында істеп жүрген маман да қуана тыңдайды. Ол балаларға Chat GPT туралы толық айтып берді. Сонымен қатар сәтті стартап жоба дайындау бойынша бірнеше кеңес берді, — дейді Арай.

Лекторлар арасында Google, Мicrosoft компанияларының қызметкерлері де бар. Олар оқыған дәрістер де мектеп оқушыларының көңілінен шыққан.

Бұған қоса Google компаниясындағы Балханым Төлебаева Google-ға қалай жұмысқа тұруға болатыны туралы айтып, балалардың көп сұрағына ашық жауап берді. Мicrosoft компаниясында істейтін Елдан Әбдрашим керемет әдебиеттер тізімін жасап берді. АҚШ-тың Солтүстік Каролина университетінде докторлық дәрежесін қорғаған Игібек Қойшыбаев та қатысып, хакерлік туралы дәріс оқыды. Хакерлік бірнеше жыл бұрын мамандық емес еді, ал қазір киберқорғаныс менеджерлеріне сұраныс артып жатыр. Балаларға осы тақырып та қызық болды. Бірі кіріспе тақырыптар бойынша дәріс оқыса, бірі жетістікке жету жолы туралы айтып беріп, балалардың ынтасын аша түсті, — дейді Арай.

Мектеп қалай таңдалады?

Арай қазір спикер болуға қызыға бастаған мамандар көбейді дейді. Оның сөзіне қарағанда, қонақ болып, мектеп оқушыларымен сөйлесіп, жобаға үлес қосқысы келетіндер саны артып келеді.

Жоба IT-мамандардың арасында танымал болып келеді. Оның үстіне ерікті жоба екенін білген соң, қызығып, үлес қосқысы кеп жатқан спикерлер де көбейіп жатыр. Сонымен лекторлар мәселесі шешілген сияқты. Қазір басқа нәрсені шешу керек болып тұр. Аяна да, мен де шетелде болғандықтан, мектептермен хабарласып, ұйымдастыру жұмыстарын реттеу қиынға соғып жатыр. Екіжақты байланысқа жауап беретін маман болмай тұр. Сондықтан елде өкілетті тұлғамыз болғанын қалар едік, — дейді Арай.

Жоба авторлары өкілетті азамат табылғанша, барлық әкімшілік жұмыспен өздері айналысады. Олар жоба басталған кезде мектептермен байланыс жасау тіпті қиын болғанын айтты.

Басында қай мектепке баратынымызды шешу үшін тізімін электрон үкіметтің сайтынан іздеп көрдік. Кейін сонда жазылған нөмір бойынша ретімен хабарласа берерміз деп ойлаған едік, бірақ ол біз ойлағандай оңай дүние емес екен. Сондықтан қазір мектептермен байланысқа тек таныстарымыз арқылы шығып жүрміз. Оның үстіне біршама танысым бар, демек мектеп те көп деген сөз. Алғашқы онлайн дәрісімізді Оралда өткіздік. Аяна Оралдан болғандықтан, ол жақтағы мектеппен байланысу қиын болмады, — дейді Арай.

Қыздардың айтуынша, дәріс оқылатын мектепті таңдауға аса көп уақыт кетпейді. Арайдың сөзіне қарағанда, қыздар бұған аса мән де бермейді.

Анау айтқандай іріктеп отырмаймыз. Қаладан тыс жатқан кез келген мектеп оқушысына пайдамызды тигізгіміз келеді. Сондықтан байланыс орнатылғанына қарай, ретімен жүріп келеміз. Бір аумақтан бастап, түгел Қазақстанды қамтуды мақсат етеміз, — дейді Арай.

Дәрістер қалай өтеді?

Аяна әзірге жобаны офлайн форматқа ауыстыруды жоспарлап отырмағанын айтады. Оның айтуынша, балаларға да қазіргі формат қолайлырақ.

Кездесудің бәрі онлайн өтеді. Болашақта, әрине, барлық лектор мен баланы жинап, офлайн кездесу, айти марафон өткізгіміз келеді. Бірақ әзірге бізге жұмысты онлайн істеген ыңғайлырақ. Балаларға да сол ыңғайлы тәрізді, сабағынан қалмайды, уақытын құртып, басқа жаққа да бармайды. Мысалы, бір кездесуге бірден 400-ге тарта оқушы қатысты. Әр класс бір камерны қосып отырды. Офлайн болса, жауапкершілік те, шығын да арта түседі, — дейді Аяна.

Аянаның сөзіне қарағанда, мектеп оқушылары да тақырыпқа қатты қызықққан. Кездесулердің бәрінде сұрақ қойып, белсене қатысқан бала көп болыпты.

Ең бірінші кездесуімізге 100 шақты оқушы қатысты. Арасында IT саласына мүлдем қызықпайтын, бұл саладан хабары аз, іші пысып отырған оқушылар да болды. Бірақ қазір цифрландыру ғасыры болғандықтан, болашақта IT-маман болғысы келетіндер әлдеқайда көп екен. Сондықтан дәрістер үнемі қызық өтеді, — дейді жоба авторы.

Дәрісте қандай тақырыптар қозғалады?

Дәрістер 9-11 класс оқушыларына бағытталған. Арай төменгі класс оқушыларына да дәріс оқуды әзірше жоспарламайтынын айтты.

9-11-класс оқушылары бір-екі жылдан кейін мектеп бітіріп, мамандық таңдауы керек. Сондықтан IT саласына қатысты практикалық кеңес, түрлі білім мен ынталандыру сабақтары да осы оқушыларға керегірек деп шештік. Басты ұстанымымыз — sky is not a limit, яғни балаларға бұл әлемде мүлдем шектеу жоқ екенін түсіндіргіміз келеді, — дейді Арай.

Жоба авторлары қазір мотивациялық дәрістермен қатар IT саласына кіріспе дәрістер өткізіп жүр. Олар тақырыптарды «10 минут» қағидасы бойынша түсіндіреді.

Баланы ынталандырумен, болашаққа сенімін оятумен қатар практикалық, теориялық білім берудің де мәні зор. Лекторларымыз «10 минут» қағидасы бойынша жұмыс істейді, яғни IT-ге қатысты кез келген тақырыпты 10 минутта қарапайым тілмен түсінідіріп береді.  Қалған жағын балалар сұрақ қойып, интерактив негізінде түсінеді. Бұл дәрістің көп бөлігінде мұғалім тақта алдында тұрып, тоқтамастан сөйлеу әдісінен тиімдірек сияқты, — дейді Арай.

Жоба авторлары кейінірек барлық дәрісті топтастырып, видеожазбаларды YouTube желісіне салып, ашық қолданысқа енгізгісі келеді. Осылайша олар ауыл балалары үшін IT бойынша білім алуды одан әрі қолайлы еткісі келеді.

***

Тағы оқыңыз: