Германия президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 19-21 маусымда Германияның Федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Сапарда екі ел басшылары келіссөздер жүргізеді. Келіссөздерде сауда-экономикалық, инвестициялық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көлік-логистикалық және энергетикалық қатынастарды дамытуға, сонымен қатар гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге баса мән беріледі. Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестіктің жай-күйі мен оны нығайту перспективалары қарастырылады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар Германияның Федералды президенті Қазақстан мен Германия университеттері ректорларының форумында сөз сөйлейді. Бұдан бөлек, екі ел президенттері қазақ-герман бизнес форумына қатысады.

Франк-Вальтер Штайнмайер сапар аясында Маңғыстау облысына барып, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысады.

ГФР президенті Қазақстан-Германия инжиниринг институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытының сынама бұрғылау жұмыстарын бастау рәсіміне қатысады деп жоспарланып отыр.

Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына сапармен баратын алғашқы еуропалық президент болмақ.