Абай облысындағы өрт шамамен төрт-бес күнде сөндірілуі мүмкін. Бұл туралы төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Ибрагим Күлшімбаев айтты.
Сенат кулуарында журналистер Абай өңіріндегі өрт қашан сөндірілетінін сұрады.
Жақын арада, бәлкім, төрт-бес күннің ішінде, — деді вице-министр.
Сонымен қатар журналистер ведомствода неге өртті сөндіретін ұшақтардың жоқтығы туралы сұрады.
Бізде тек 33 тікұшақ бар, олардың су төгетін құрылғылары бар, бірақ олардың шамамен 16-сы ғана өртті сөндіруге қабілетті. Қалғандары іздестіру жұмыстарына, барлауға арналған. Бірақ олардың барлығы шыға алмайды, өйткені кейбіреуіне жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан олардың тең жартысы үнемі жөндеуде болады. Ұшақтар жоқ, бұл үшін ақша сұрадық, бірақ берілмеді. Сондықтан біз әлі ұшақ сатып алған жоқпыз, — деді Ибрагим Күлшімбаев.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.
14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.
Облыста сағат 21.00-де ормандағы өрт оқшуаланды. Өрт толық жойылғанға дейін оқшауланған ошақтардың орындарына үнемі су төгу, сонымен қатар өрттің шетіне топырақ себу жүзеге асырылады.