Абай облысында ормандағы өртпен күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.
Қазір өрттің жалпы аумағы шамамен – 60 мың гектар. Бірақ елдімекендерге қауіп жоқ. Министрлік өрттің таралуын шектеу үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
13 маусым күні таңғы сағат 4-тен бастап өрттің шетін сөндіру мақсатында төрт әуе борты ұшырылды. Бірақ қатты түтін ұшқыштардың жұмысын қиындатып жатыр. Қазіргі уақытта өртті сөндіруге барлығы 1 803 адам, 348 техника мен 12 тікұшақ жұмылдырылған, – делінген хабарламада.
Синоптиктердің мәліметінше, 13 маусым күні кешке өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Күндіз солтүстік-шығыстан жел соғуы ықтимал.
Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.
9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.
10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.
11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.
Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.
12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.