Абай облысындағы өрт: қазіргі ахуал қандай?

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Абай облысындағы өртпен күрес туралы айтты.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта жағдай тұрақты және бақылауда.

Температураның жоғарылауына және екпінді желге байланысты өрт таралуының күшеюі ықтимал. Бірақ бізде өртті оқшаулау үшін күштер мен құралдар жеткілікті, — деді министр.

Министрдің айтуынша, шығыс бағытта өрт таралып жатқаны анықталды. Бірақ өртті тоқтату бойынша нақты міндеттер қойылған.

Өрт басталғалы көлемі 3 000 тоннадан асатын барлығы 1 017 су төгу жұмысы жүргізілді. Өрттің жалпы ауданы 60 мың гектар, оның 43 мың гектары жанып жатыр, — деді министр.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.