ХІІ жазғы Қазақстан универсиадасы жалауын көтерді  

Ғылым және жоғары білім министрлігі және ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруы бойынша жоғары оқу орындары студенттері арасындағы XII жазғы универсиада 17 спорт түрінен 24 мамыр-24 маусымда Ақтауда өтіп жатыр.

Универсиаданың салтанатты ашылуы рәсімінде ғылым және жоғары білім вице-министрі Ерғалиев Қуаныш Асылханұлы министрдің арнайы құттықтауын жеткізді.

Білімді, тәрбиелі, дені сау ұрпақ — еліміздің байлығы! Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге спорттық жарыстардың ықпалы зор деп есептеймін және осы бағытта жұмыс жасап жүрген жоғары оқу орындарына, оқытушыларға алғыс айтамын. Алдағы уақытта баршаңызға спортта ғана емес, оқуда да еліміздің игілігіне бағытталған табыстар мен жоғары жетістіктер, универсиада сайыстарына әділ төрешілік, спортшыларға жеңіс, қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тілеймін, — делінген құттықтауда.

Фото: Ұлттық дене тәрбиесі орталығы

Бүгін вице-министр Қуаныш Асылханұлы тоғызқұмалақ, футзал, шахматтан универсиада жарыстарын тамашалады. Сонымен қатар баспасөз мәслихатына қатысып, бұл дода тек студенттер үшін ғана емес, бүкілхалықтық мәні зор шара. Ұлт денсаулығын нығайту және бұқаралық спортты дамыту мәселелері мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

Қазіргі таңда жарыс кестесі бойынша үстел теннисі, жүзу және жеңіл атлетикадан жеңімпаздар анықталып үлгерді. Медальдық есеп бойынша М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті,  әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті көш бастап тұр.

Фото: Ұлттық дене тәрбиесі орталығы

2025 жылғы ХІІІ жазғы универсиаданы өткізу кезегі Жамбыл өңіріндегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне берілді.

Айта кетейік, 28 шілде–8 тамызда дүниежүзілік жазғы универсиада Чэнду қаласында өтеді, сонымен қатар биыл елімізде түркі студенттер ойыны өтеді деп жоспарланып жатыр.