Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Aqyl Battle – мобайл қолданба форматындағы интеллектуал ойын. Бұл онлайн дүкендерде жүктеуден бірнеше ай бойы бірінші орында тұрған жоба. Ақылдылар баттлының авторы Айболат Құлатай елімізде бұрын-соңды болмаған жетістікке жеткен IT жобасы туралы айтып берді.

Aqyl Battle деген не?

Бұл — IOS, Android платформаларына арналған интеллектуал ойын. Ойыншылар түрлі салаға байланысты сұрақтарға жауап беріп, бір-бірімен жарысып, ұпай жинайды.

Жобаның іске қосылғанына сегіз ай болды. Осы уақыт ішінде ойын 28 миллион рет ойналған, оны 600 000 қолданушы қолданады. Жоба авторының айтуынша, бұл қазақша сөйлейтін аудитория арасында осыған дейін болмаған жетістік. Қолданушылардың орташа жасы – 26-27 жас. Aqyl Battle-ды ойнайтындардың ішінде орта жастағылар да, жастар да бар. Орташа есеппен ойыншылар қолданбаны 1 сағат 24 минут қолданады.

Алғашқы үш айда App Store, Play Market-те жүктеу бойынша әлемдік барлық мобайл ойынды басып озып, бірінші орында болды. Әйгілі PubG, Garena ойындарын артқа қалдырып, рекорд жасаған алғашқы қазақша жоба, — Айболат Құлатай дейді.

Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Aqyl battle-дың 35-40-қа жуық саласы бар. Оның ішіне өнер, қаржы сауаты, тәуелсіз Қазақстан, ән мен би, мәдениет, жол жүру ережесі, әдебиет кіреді. Оған қоса жаратылыстану ғылымдарына байланысты баттлдар да өтеді: физика, география, математика және тағы басқа, — дейді Айболат.

Тек ғылыммен шектелмей, ойын-сауық бағытында да сұрақтар қосқан. Ойыншылар қоғамдағы, әлеуметтік желідегі трендтер, фильмдер, сериалдар, мультсериалдар туралы сұрақтарға жауап беріп жарыса алады.

Aqyl Battle-дың басқа инттелектуал ойындардан басты айырмашылығы – қарсыластың тез табылуы. Өзге ойындарда онлайн қарсыласты табу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

IT жобаның мақсаты қандай?

Aqyl Battle — білімді насихаттап, адамның білімін нығайтуға арналған жоба. Айболаттың айтуынша, бұл — адам жаңа нәрсе үйренуге болатын әдіснама. Оған қоса «жастар кітап оқымайды, білімге құштар емес» деген сияқты таптаурындарды бұзу үшін жасалған мобайл қолданба.

Aqyl Battle-дың арқасында қолданушылар ағылшын тіліндегі сөздік қорын толықтырып, жол жүру ережелері, алғашқы медициналық көмек беру туралы ақпарат ала алады.

Aqyl жұма акциясы деген не?

Aqyl жұма — белгілі бір уақытта ойыншылар жинаған ұпайын нешетүрлі сыйлыққа айырбастай алатын іс-шара. Мысалы: шетелге саяхаттауға жолдама, жаңа кітаптар, шетелдегі жоғары оқу орындарына грант, құлаққап, ұялы телефон және тағы басқа.

Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазір еліміздегі әр қаланың театрларымен байланыс орнатып жатырмыз. Ұпай жинаған адамдар театрға барып, уақытын пайдалы өткізсін деген ниетіміз бар, — дейді IT-жобаның авторы.

Құрылғы, жолдама сияқты қымбат сыйлықтар аукцион ретінде ойнатылады. Мысалы, сыйлықтың бастапқы бағасы 10 000 ұпай болса, ең көп ұпай ұсынған қолданушы сол сыйлықты алады.

Aqyl Battle-ға қатысу үшін не істеу керек?

Айболатпен сұхбаттасып отырып мобайл қолданбаға тіркелдік. Дәл сол сәтте қолданбада 126 адам ойын ойнап жатты. «Жаңа ойын бастау» батырмасын басып, ойынға кірістік. Онлайн қарсыласыңыз табылғаннан соң, мобайл қолданба ойыншыға кезекпен үш саланың біреуін таңдауға ұсынды. Таңдау жасағаннан кейін сол салаға байланысты үш сұраққа жауап бердік.

Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Келесі санатты қарсылас адам таңдады. Сөйтіп ойыншылар бес раунд бойы бір-бірімен жарысып, ұпай жинап, рейтиңдерін көтереді. Көп сұраққа дұрыс жауап берген ойыншы жеңімпаз атанады. Достар, жақындар арасында турнир өткізсе де болады. Ол үшін кемінде екі адам ойнауы керек.

Аудио немесе стикер арқылы эмоджи жіберуге болады. Қарсылас ойыншы мобайл қолданбадан шығып кетсе, ойынды жалғастыруға 12 сағат беріледі. Берілген уақыт өткен соң, ойын бітіп, мобайл қолданбаға кірмеген адам автоматты түрде жеңіледі. Ояту батырмасын басып, қарсыласыңызға ескерту жасауға болады, — дейді қолданба авторы.

Мобайл қолданба тек ойын емес, ақпараттық платформа ретінде де қолданылады. Мысалы қолданбаның stories форматындағыдай ақпараттық бөлімдері бар. Онда ағылшын тілінен жаңа сөздер мен терминдерді үйренуге болады.

Әзірлеушілердің статистикасы бойынша, ойыншылар мына салаларды көп ойнайды: ми жаттығуы, мақал-мәтел, сауат, қаржы сауаты, еркін тақырып, салт-дәстүр, астаналар, медицина, ел тарихы, кино жане сериалдар.

Қолданбаны Алматы, Астана, Шымкент тұрғындары көбірек қолданады.

Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Aqyl Battle енді қалай жетіледі?

Айболаттың айтуынша, ақылдылардың баттлы қазір қарқынды дамып жатыр. Ол көрші елдер туралы сұрақтарды енгізу үшін олардың тарихын, тұрмыс-тіршілігін зерттеп жатыр. Жақында осы оймен Өзбекстанға барып келген.

Оған қоса Айболат орысша сөйлейтін нарыққа шығуды жоспарлап отыр. Қазір Aqyl Battle арқылы ұлттарды, мемлекеттерді байланыстыруды мақсат етіп жатыр.

Айболат Құлатай.Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қолданбаның сұрақтары қалай әзірленеді?

Алғашында қолданбаны әзірлегендер сұрақтарды өздері дайындаған. Бірақ уақыт өте келе қолданушылар сұрақтардың жауабын жаттап алды. Одан соң әзірлеушілер аудиториямен байланысқа шығып, олардан жаңа сұрақтар ұсынуды сұрады. Қабылданған әр сұрақтың авторына бір ұпайдан берілді. Сөйтіп аудиторияның көмегімен базаға бір күнде 50 000 сұрақ түсті. 

Сұрақтардың грамматикалық қатесін түзеп, фактчекиң жасадық. Алайда соңында әрбір саладан маман тауып, әр сұраққа 100 теңгеден төлеп, базаны толықтырамыз деп шештік. Дегенмен оған дейінгі қабылданған сұрақ ұсынған қолданушыларға тиісті ұпай берілді. Қазір базадағы сұрақтармен әр саланың мамандары айналысып жатыр, — дейді Айболат Құлатай.

Aqyl Battle-ды жасау идеясы қалай келді?

Айболаттың айтуынша, кәсіп пен білімге қызығушылығы студент кезінен басталған. Ол 2016 жылы IRBI мобайл аудиогид арқылы Силикон алқабына саяхаттаған. Google, Apple, Facebook сияқты әйгілі компанияларды аралап, үлкен шабыт алған.

Шабыттанып, досыммен бірге Thousand IT компаниясын аштым. Қазір нарықта ең беделді аутсорсиң компанияларының біріміз. Осы уақытқа дейін 200-ден астам мобайл қолданба жасадық. Компания ашқан соң алты жыл өткеннен кейін басқа өнім жасауға дайын екенімді түсіндім. Өйткені бизнес жағынан біраз тәжірибе жинадым, — дейді Айболат.

Айболаттың түрлі өнім шығаруға қатысты идеясы көп болған, бірақ ол бизнес пен білім саласынан алшақтамауды ұйғарған.

Ойлана келе студент кезімде шетелдің «Борьба умов» инттелектуал ойынын көп ойнап, тіпті мұғалімдермен де жарысатынымды еске түсірдім. Ал карантин кезде Quiz planet ойынына көштім. Дегенмен қанша ойнасам да, достарым мені жеңіп кететін. Жеңіске жетпейінше ойынды қоймайтынмын. Сол уақытта білімге деген құмарлықтың не екенін түсіндім, — дейді Айболат Құлатай.

Оның айтуынша, қазақ халқы бір-бірімен бәсекелесетін спорт түрінен мықты. Содан халық біліммен жарыссын деп интеллектуал IT жобасын жасауға ниеттенген. Қаңтар оқиғасынан кейін Айболат әріптестерімен бірлесіп, жобаны әзірлеуге кірісті. Әзірлеу процесі жаздың аяғында бітіп, қыркүйек айында нарыққа шықты.

Aqyl Battle-ға дейін Айболаттың компаниясы интеллектуал ойындарға қатысты жобалармен айналысқан. Соның бірі — «Хабар» арнасында «Енші» интеллектуал жобасын автоматтандырған. Журналист оқитын сұрақтарды, қатысушылардың жауабын планшетке, теледидарға шығарып, ұпайын есептейтін жүйе жасаған.

Жоба не себепті мобайл қолданба ретінде жасалынды?

Айболаттың айтуынша, мобайл қолданбаны пайдалану қолданушыларға ыңғайлы.

Біріншіден, ұялы телефон әрдайым адамның қолында, кез келген уақытта адам ойын ойнай алады. Екіншіден, мобайл қолданбаны телефонға жүктеу жеткілікті. Бір сайтқа кіріп, оған тіркеліп отырмайды. Бұл қолданушыларға өте ыңғайлы, — дейді ол.

Айболат әлемдік ойындар компьютер нұсқасынан мобайлға көшіп жатқанын да айтады. Қазір тіпті сайттардың өзі екі нұсқада да әдемі әрі ыңғайлы болып көрінуі қажет.

Aqyl Battle-дың қолданушылары кері байланысқа шыға ма?

Қолданба авторы кейде адамдар кері байланыс жасап, Aqyl Battle-ға қатысты қызық видео жариялап, оқиғасын айтып береді. Кейбірі той үстінде Aqyl Battle ойнап жатса, кейбіреулер ауылдағы қорада сұрақтарға жауап беріп жатқан видеолар да тараған.

Бір жолы егіз баласын бесікте тербетіп, Aqyl battle ойнап отырған келіншектің видеосын да көргенбіз. Сол өзіме қатты ұнады. Мынадай оқиға болған:  бойжеткен мен бозбала әлеуметтік желіде сөйлесіп жатады. Жігіт қыздан «Не істеп жатырсыз?» деп сұрайды, қыз оған «Aqyl Battle ойнап отырмын» дейді. Сонда жігіт бірге ойнауды ұсынған. Бірақ жігіттің мынадай шарты болыпты: ұтқан сайын қыз телефон нөмірінің бір санын айтып отырады. Бойжеткеннің айтуынша, жігіт әзірше жетінші-сегізінші саннан аса алмай жатыр екен, — дейді Айболат Құлатай.

***

Тағы оқыңыз:

“Информатика мұғалімі код жазуды білмейді”. Еліміздегі ІТ саласында қандай мәселе бар?