Елімізде төрт түлікті есепке алатын «Мал дерек» мобайл қолданбасы әзірленіп жатыр

Бұл туралы ведомство басшысы Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ветеринария саласында кемшіліктер аз емес. Ауылдарда ветеринария қызметі тиісті деңгейде дамымай отыр.

Бұл салаға цифрландыру әлі де болса жетпеген, мамандар қағазбасты жұмыстан арылмаған. Сонымен бірге орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасында өкілеттіктердің аражігін толық ажырату қажет. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төмен, — деді Ербол Қарашөкеев Сенаттағы үкімет сағатында.

Осыған байланысты министр ветеринариялық қызметтер нарығын дамыту, мал дәрігерлерінің жалақысын көтеріп, орталық және жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметтері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажыратуды жоспарлап отыр.

Оның айтуынша, әсіресе цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қажетті қаражат бөлінген.

Қазіргі уақытта мобайл қолданбасы бар «Мал дерек» бағдарламалық өнімі әзірленіп жатыр. Ол ветеринариялық құжаттаманың негізгі бөлігін цифрлық форматқа ауыстырып, мамандарды қағазбастылықтан босатуға және жануарларды есепке алудың бүкіл процесін автоматтандыруға, эпизоотиялық ахуалды және мал өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалауға мүмкіндік береді, — деді Ербол Қарашөкеев.

Ол бағдарламалық өнімнің бірінші нұсқасы осы жылдың соңына дейін әзірленетінін атап өтті. Ал келесі жылы пилоттық режимде бір ауданның базасында сынақтан өткізіледі. Содан кейін тағы пысықталып, бүкіл республика көлемінде қолданысқа енгізіледі.