БҚО-да 6,0 млрд теңгеге 4 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарлануда

БҚО-да 6,0 млрд теңгеге 4 сүт-тауарлы фермасын салу жоспарлануда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нариман Төреғалиев баяндап өтті.

Өңір басшысының айтуынша, импортқа тәуелділікті төмендету, тамақ өнімдері өндірісін дамыту және облыс халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында облыста бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Соның ішінде, өңір халқын сүт өнімдерімен қамту бағытында сүт-тауарлы фермасын салу жоспарланып отыр.

Өңірде «Агроөнеркәсіп кешендегі инвестициялық жобаларды қаржыландыру» бағдарламасымен 2,5 пайыздық несие беру аясында бірқатар жұмыстар жоспарға алынды. Соның ішінде, 6,0 млрд теңгеге 4 сүт-тауарлы фермасын салуды жоспарлап отырмыз. Жаңа сүт-тауарлы фермасын ашқан жағдайда облыс халқын сүт өнімдерімен қамту 22%-дан 32%-ға артатын болады, — деді өңір басшысы.

«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін суармалы жерлерді 9,6 мың гектардан 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Айта кетейік, аталған өнімдермен қамтамасыз ету үшін жыл соңына дейін жалпы соммасы 3 млрд теңгені құрайтын сыйымдылығы 12 мың тонна болатын екі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды дамыту, ауыл тұрғындарының табыстарын арттыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында өңірде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруды бастап кеттік, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Облыс әкімінің мәлімдеуінше, биылғы жылы бюджеттен 6,4 млрд теңге бөлінген. Аталған қаржыға 742 микрокредит беріліп, 787 жұмыс орны құрылатын болады.

Облыс аумағында 235 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасап тұр. Осыған қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 60 ауыл шаруашылығы кооперативінің қосылуы күтілуде. Бүгінгі таңда «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы несие беру жұмыстарын бастады. Несие алуға ұсынылған 257 өтініштің жалпы сомасы 1 млрд 572 млн теңгені құрап, несие беру жұмыстары басталды, — деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар өңір басшысы жастарды да қолдау мақсатында 238 адамға 5 млн.теңгеге дейінгі мөлшерде жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге жеңілдетілген несие беріліп жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы аясында  биылғы жылы 405 адамға 1,4 млн теңге мөлшерінде жалпы сомасы 570 млн теңгеге жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант беріліп жатқанын жеткізді.