Пиротехника бұйымын қалай қолдану керек?

Жаңа жылдың келуіне де аз қалды. Мейрамды қарсы алуға қажет дүниенің арасында оливье, шампанмен бірге салют те жүреді. Кей адам тіпті 31-нен 1-не қараған түнді отшашусыз елестете алмайды. Ал бұл — сақтық шараларын талап ететін зат. Сондықтан Baribar.kz пиротехника бұйымдарын қауіпсіз қолдануға қатысты бірнеше кеңес ұсынады.

1. Пиротехника сатып аларда не білу керек?

Кез келген адам салют, фейерверк, "хлопушка" сияқты зат сатып алмас бұрын сатышудан өнім сертификатының бар-жоғын анықтауы қажет. Сертификаты жоқ бұйым адам өміріне қауіпті, себебі құзырлы мекемелердің растауы мен мақұлдауын алмаған, яғни сапасы, шыққан жері, кім жауап беретіні белгісіз. Сондықтан сертификаты және тауар белгісі бар бұйымды тек ресми сату орындарынан сатып алған жөн.

Затты базар, күмән тудыратын дүңгіршектерден алуға болмайды. Арзан дүниеге қызығып, қауіпті әрі зиян затқа кезігуіңіз әбден мүмкін.

Мұндай бұйымдарды сатып алған кезде орамасының құрғақтығына көз жеткізіңіз және еш жері тесіліп, сынып қалмағанына мән беру қажет.

2. Қайда сақтау керек?

Пиротехника бұйымдарын құрғақ жерде, түпнұсқа орамада сақтау керек. Оны тез тұтанатын заттардың, жылыту құралдарының жанында, температурасы жоғары (30°С градустан артық), ылғал немесе өте құрғақ үй-жайда сақтауға тыйым салынады. Сондай-ақ киім қалтасында және ұзақ уақыт бойы автокөлікте тасып жүруге болмайды.

3. Пиротехника бұйымын қалай қолдану керек?

Бұйымды қолдану кезінде мына ережелерді ескерген дұрыс:

  • Ең әуелі пиротехника бұйымының нұсқаулығын оқып шығу керек, себебі әр заттың ережесі әртүрлі.
  • Отшашуға арналған аймақ ашық әрі үлкен болуы қажет. 50 метр радиуста ағаш, құрылыс, автотұрақ, ғимарат және басқа өрт қаупі болуы мүмкін объекті болмағаны дұрыс.
  • Барлық фейерверк бұйымның от өткізгіш жібі болады. Қолданар алдында осы жіпті алдын-ала босатып, дұрыстап алу қажет.
  • От қоймас бұрын бұйымның жоғарғы жағына және жанып жатқан элементтердің қайдан ұшатынына көз жеткізу қажет. Отшашуды адамға, жануарға қарата бағыттап атуға тыйым салынады.
  • Отшашуды тамашалаушылар ұшыру алаңынан 35-50 метрден кем емес қашықта тұруы керек.
  • Пиротехника бұйым жанып болған соң кем дегенде 5 минут оған жақындауға, еңкейіп қарауға болмайды.
  • Пайдаланылған бұйымды екінші рет қолданбау қажет.
  • Бұйымды отқа тастауға, басуға, лақтыруға, ұруға болмайды.

4. Пиротехника бұйымдарының жарамдылық мерзімі бар ма?

Иә, бар. Мерзімі өткен өнімдерді сақтауға болмайды. "Хлопушкалар" орта есеппен 3 жыл, салют - 3-5 жыл, фейерверк - 1-5 жыл сақталады. Бірақ әр пиротехника бұйымының нақты жарамдылық мерзімі қорабында жазылып тұрады.

5. Кімдерге қолдануға болмайды?

Салют, фейерверк, "хлопушка" сияқты пиротехника бұйымдарын 14 жасқа дейінгі балаларға өз бетімен қолдануға болмайды. Сонымен бірге мас күйдегі адамдардың пайдалануына тыйым салынады.

6. Қай жерде және қандай уақытта бұйымды қолдануға тыйым салынған?

Пиротехника бұйымдарын мынадай жерде қолдануға болмайды:

  • торт шырақтары мен бенгаль отшашуынан басқасын үй-жайда, кез келген ғимарат ішінде;
  • жаңа жыл мерекесіне арналған дастархан үстінде;
  • электр желілеріне жақын маңда қолдануға болмайды.

Сонымен бірге дауыл, жел кезінде пиротехника бұйымын пайдалануға тыйым салынады.

7. Статистика не дейді?

Алматыда жыл сайын жаңа жыл мерекелерінде 10-15 өрт болады (31 желтоқсаннан 5 қаңтарға дейінгі аралықта). Ал өрттің жалпы санының 30%-і пиротехника бұйымдарын дұрыс қолданбау салдарынан туындайды.

2017 жылы — 14 өрт болды.

2018 жылы — 13 өрт болды.

2019 жылы — 5 өрт болды.

2020 жылы — 13 өрт болды.

"Қауіпсіздік ережелері қанмен жазылады" деген сөзді ұмытпауға кеңес береміз.