Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жазғы каникулда оқушылардың демалысын ұйымдастыру шаралары туралы айтты.
Биылғы жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен 1-10 класта оқитын балалардың 85,3%-і қамтылады. Олардың жалпы саны — 2,8 миллион адам. Соның ішінде жекелеген санаттарға кіретін 500 мыңнан астам бала бар.
Жергілікті бюджеттің есебінен демалатындар:
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары;
- мүмкіндігі шектеулі балалар;
- экологиялық жағынан қолайсыз аймақтарда тұратын балалар;
- оқудың үздіктері.
Республика бойынша каникул кезінде қала сыртындағы 218 (118 — мемлекеттік, 100 — жеке) және мектеп жанындағы 10,2 мың лагерь өз есігін ашады.
Сонымен қатар оқушыларға дәстүрлі және мәдени құндылықтармен танысуға мүмкіндік беретін «Этноауыл», «Жаздық жолдама» жобаларын іске асыру, жетекші университеттер жанындағы жазғы және олимпиадалық резерв мектептерінің жұмысы көзделген. Бұдан бөлек, 11 мың үйірме жұмысын жалғастырады. Жалпы, 1,4 миллион баланы қамтуды жоспарлап отырмыз. Бұл ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік, экологиялық, туристік және басқа да бағыттардағы қосымша білім беру ұйымдары, — деді Ғани Бейсембаев.
Мектеп оқушылары «Жасыл ел» бағдарламасы аясында көгалдандыру шараларымен де айналысады. Сонымен қатар олар еліміздің киелі жерлеріне саяхаттайды, спорттық жаттықтыру жиындарына және тілдік курстарға қатысады.